Кейінгі жылдары «нарцисс» ұғымы кең таралып, тіпті әлеуметтік желіде трендке айналды. Біреу оны өзіне сенімді адам деп түсінсе, бірі өзін асыра бағалайтын кейіпкер ретінде сипаттайды. Алайда психологтар үшін нарциссизм тек өз-өзін жақсы көру емес, адамның өзіндік құндылығын көбіне сыртқы бағалауларға тәуелді ету. Яғни, қоғамда кейбір адамдар екіншілеріне психологиялық тұрғыдан тәуелді болуға үйренеді, ал осындай мінез-құлық көбіне байқалмай өтеді.
Психикалық тұрақтылық адамның өзін сыйлауынан басталады. Нарциссизмде сенім көбіне басқалардың мақтауына, лүпіл санына немесе қаралымға тәуелді болады. Әлеуметтік желідегі лайкқа көңілі толатын адам шынайы бағасын жоғалтуы мүмкін, ал жұмыс орнында үнемі мақтау күтетін қызметкер қабілеттеріне сенімін азайтады.
Нарциссизм қалай қалыптасады?
Психологтар: «Нарциссизмнің қалыптасуында тәрбие мен әлеуметтік ортаның рөлі шешуші», – дейді. Балалық шақтағы тұрақсыз эмоционалды қолдау, ата-ананың тым қатаң немесе керісінше, шектен тыс мақтау көрсетуі психикада ішкі «Мен»-нің әлсіздігін қалыптастырады. Осы жағдайларда адам сыртқы мойындаулар арқылы өзін бағалауға үйренеді. Нәтижесінде, психикада ішкі тұрақтылық орнына сыртқы факторларға тәуелділік пайда болады.
Қазіргі қоғам нарциссизм көріністерін күшейтетін жаңа құралдарды ұсынады. Әлеуметтік желілерде адамның құндылығы лүпіл, қаралым және пікір арқылы өлшенеді. Мұндай жүйе сыртқы мойындауға тәуелділікті арттырады және шынайы сезімге қарағанда «басқаларға қалай көрінемін?» деген ойға басымдық береді. Мысалы, белгілі бір блогер күн сайын мыңдаған қаралым жинаса, өзіне сенімді болып көрінуі ықтимал, бірақ оның ішкі психикалық күйі сыртқы реакцияларға тәуелді күйге түсу қаупі бар. Дегенмен, психологтар атап өткендей, мәселе әлеуметтік желіде емес, адамның ішкі психикасында. Ішкі тірегі мықты адам сыртқы қысымға қарамастан өзін жоғалтпайды.
Нарциссизмнің көріністері
Күнделікті өмірде нарциссизм қарым-қатынаста айқын байқалады. Алғашқы кезеңде адамдар жұмсақ, тартымды әрекеттерімен серіктесті өзіне баурайды. Уақыт өте эмоционалды алшақтық, сыни көзқарас және құнсыздандыру пайда болады.
Психолог Перизат Қалдарованың айтуынша, қазіргі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде нарциссистік тенденцияларды күшейтетін факторлар көбейген.
– Бүгінде адамның құндылығы лайк, қаралым, реакция арқылы өлшенетін жүйе қалыптасты. Бұл сыртқы мойындауға деген тәуелділікті арттырады, өзін өзгелермен салыстыруды күшейтеді және шынайы сезімнен гөрі «мен сырт көзге қалай көрінемін?» деген ойды алдыңғы орынға шығарады, – дейді маман.
Кейбір адамдар жұмыс орнында әр сөзіне мақтау күтеді. Біреудің сыны оларды тез ойлантып, өз қабілеттеріне деген сенімін әлсіретеді. Жақын қарым-қатынаста нарцисс серіктесін алғашында мақтап, кейін құнсыздандыра отырып, эмоционалды ахуалды өзгертеді. Мұндай қарым-қатынас серіктесті бейімделуге итермелеп, психикасын әлсіретеді. Осылайша, сыртқы бағалауларға тәуелділік тек виртуалды әлемде ғана емес, күнделікті өмірде де адамға әсер етіп, шынайы өзін сезінуіне кедергі жасайды.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желілер нарциссизмді тудырмайтынын атап өтті:
– Әлеуметтік желі нарциссизмнің себебі емес. Ол тек адамның психикасындағы әлсіз тұстарды күшейтеді. Мәселе желіде емес, ішкі «Меннің» тұрақтылығында. Ішкі тірегі берік адам әлеуметтік ортада өзін жоғалтпайды, – дейді психолог.
Осындай қарым-қатынаста адамның психикасы біртіндеп әлсіреп, өзіне деген сенім азаяды. Кейде адам өзін кінәлі сезініп, «менде бірдеңе дұрыс емес шығар» деп ойлайды. Әрине, бұл әлсіздік емес, үздіксіз эмоционалды қысымның нәтижесі және психикалық бейімделу тәсілі.
Адам психикасындағы нарциссизм көбінесе жараланған «Менді» сақтау тәсілі, тірі қалу стратегиясы. Осы ішкі механизм арқылы адам сыртқы мақтау, лайктар немесе өзгелердің реакциясы арқылы өз құндылығын сезінуге тырысады. Әр адамның ішкі «мені бағаласын», «мен маңызды екенімді сезінейін» деген нарцисстік радикалы бар. Бұл құбылыс қалыпты және адамның өзін жеке тұлға ретінде сезінуінің негізін құрайды.
Перизат Қалдарова нарцисс адамның мадақтау мен құнсыздандыруды кезектестіретінін айта келе:
– Бірде эмоционалды жақын, жұмсақ болса, келесі сәтте суық әрі алшақ болады. Бұл нейробиологиялық деңгейде тәуелділік механизміне ұқсас әсер қалдырады. Адам алғашқы жылы қарым-қатынаста болған жылы сезімді қайта алуға тырысады. Өз қажеттіліктерін ысырып, дәлелдеуге, күтуге бейімделеді. Осылайша байланыс тең емес сипатқа ие болады, – дейді психолог.
Нарцисстік спектр – осы қажеттіліктің қаншалықты сау немесе ауыр формада көрінуін сипаттайды. Психологтар оны үш деңгейге бөліп қарастырады.
Сау нарциссизм (невротикалық)
Адам өзін бөлек тұлға ретінде қабылдай алады, сын естісе де ұят сезімінен жоғалып кетпейді, қарым-қатынаста басқаларды жеке тұлға ретінде көре біледі. Қорғаныс механизмдері икемді және уақытша.
Шекаралық нарциссизм
Ішкі «Мен» тұрақсыз, адам тек мақтау мен таң қалдыру арқылы өзін сезінеді. Қарым-қатынасы драмалық, тәуелділікке толы.
Патологиялық нарциссизм
Нарциссизм өмір сүру формасына айналады. Эмпатия мен шынайы жақындық аз, адамдарды тек өз қажеттіліктеріне пайдаланады. Терапия мүмкін, бірақ процесс баяу және ұзаққа созылады.
Жарақат алған адам психологпен жұмыс арқылы ішкі «Менін» қайта қалпына келтіре алады. Психолог сезімдерді түсінуге, идеализация мен құнсыздандыру циклін бақылауға, шынайы өзін табуға және сенім мен тұрақтылықты нығайтуға көмектеседі. Терапия – үкім емес. Керісінше, ол адамның психикасы қалай аман қалғанын көрсетеді. Мұнда назар мінезге емес, ішкі жарақаттарды емдеуге бағытталады.
Нарциссизм қалай қалыптасады?
Балалық шақта бала тек белгілі бір жетістіктер үшін ғана мақталған кезде шынайы «Менін» көрсетуге қорқады. Мұндай балалар екі полярлықта өмір сүреді: бір жағынан ұят сезімі, қызғаныш, көреалмаушылық, екінші жағынан өзіне сенімділік пен өзгеден артықшылық сезімі. Олар өзін толыққанды сезінбейді және өзіне де, өзгелерге де мінсіздікті талап етеді.
Нарциссистердің эгосы нәзік әрі жараланған. Сырттан сенімді немесе мықты көрінгенімен, ішкі тұрақтылығы әрдайым басқалардың назарында. Олар өздерін бағалы сезіну үшін айналасындағы адамдардың реакциясына, мақтауына сүйенеді. Яғни нарцисс қоғамға тәуелді.
Бірақ керісінше, қоғам да нарцисске тәуелді. Біз оның сенімді бейнесін көргенде оған жауап беруге, эмоциясын қабылдауға мәжбүр боламыз. Сол арқылы екі жақ арасында бір-біріне тәуелділік туындайды: нарцисс – мақтауға мұқтаж, қоғам – оның драмасына жауап беруші.
Сын немесе реніш – эгосының әлсіз тұсы. Кішкене теріс реакция да оны қатты алаңдатады. Сол себепті нарцисс әрдайым сыртқы әлемге қарап өмір сүреді, ал ішкі бос орнын тек қарым-қатынас арқылы толтыра алады.
Қоғам мен нарцисс бір-біріне тәуелді, бірақ бұл көбіне байқалмайды. Біреу назарын аудармаса, нарцисс өзін бос сезінеді; біреу жылы сөз айтса, қайтадан өзін тірі сезінеді. Нарциссизм – тек жеке адамның психологиясы емес, қоғамдағы нәзік әрі күрделі байланыс.
Маман нарцисс адаммен қарым-қатынаста жүрген жандарға ең алдымен жеке шекараны сақтауға кеңес береді.
– Мұндай қарым-қатынаста адам жиі шаршау, өзін кінәлі сезіну, бағаланбау сезімін бастан кешіреді. Нарцисс тұлғада ішкі сезімдерін сыртқа проекциялау жиі кездеседі. Яғни ол өзіндегі құндылық тапшылығын басқа адамға жүктейді. Сондықтан ең бастысы – өз сезіміңізді жоққа шығармау және «құтқарушы» рөліне кірмеу. Ондай қатынаста адам өзін жоғалтып алу қаупіне ұшырайды, – дейді Перизат Қалдарова.
Оның айтуынша, нарциссистік психикалық құрылымы бар адам қарым-қатынастың бастапқы кезеңінде ерекше жұмсақ, тартымды болып көрінуі мүмкін.
– Алғашқы уақытта ол серіктесін жиі таңғалдыруы, ерекше көңіл бөлуі мүмкін. Бірақ уақыт өте динамика өзгереді. Серіктесінің сезімдерін мойындамау, құнсыздандыру, суықтық таныту басталады. Жақындық пен эмоционалды алшақтық кезектесіп отырады. Мұндай тұрақсыздық психиканы шаршатады, бірақ адам біртіндеп соған бейімделе бастайды, – дейді ол.
Психологтың сөзінше, дәл осы жерде тәуелділік механизмі іске қосылады.
– Адам өзіне емес, серіктесінің көңіл күйі мен реакциясына назар аударуға үйренеді. Ішкі тірегі сыртқа ауысады. Өз сезіміне сенім азайып, «менде бірдеңе дұрыс емес шығар» деген күмән пайда болады. Бұл көбіне газлайтингтің жұмсақ, байқалмайтын формалары арқылы жүреді. Адам өзін кінәлі, жеткіліксіз сезіне бастайды. Бұл әлсіздік емес, үздіксіз эмоционалды қысымға психиканың бейімделуі, – деп түсіндіреді маман.
Терапия барысында негізгі назар «жалған Менді» күшейтуге емес, шынайы өзін табуға бағытталады.
– Мақсат – өзіндік бағаны сырттан іздеуді тоқтатып, ішкі тіректі қалыптастыру. Өз сезімін тану, қабылдау, шекараны сақтау – сауығудың негізгі кезеңдері. Мұндай тұйық шеңберден өздігінен шығу қиын, сондықтан кәсіби көмек маңызды, – деп қорытындылады Перизат Қалдарова.
Бүгін біз нарциссизмді жиі айтамыз. Біреуді «нарцисс» деп атап, мәселені сол адамнан көреміз. Бірақ шын мәнінде бұл құбылыс бір ғана тұлғаның мінезі емес, тұтас ортаның көрінісі. Назарға мұқтаж адам бар. Сол назарды беруге дайын қоғам бар. Осы екі тарап бір-бірін байқамай толықтырады.
Нарцисс мақтау арқылы тірі сезінеді. Қоғам мінсіз, сенімді, жарқын бейнелерді көруге құмар. Біреу лайк күтеді, біреу лайк қояды. Біреу драманы бастайды, біреу оған жауап береді. Осы алмасу жалғасқан сайын тәуелділік те тереңдей түседі.
Ең қауіптісі – бұл процесс көзге көрінбейді. Адам өзін біреудің көңіл күйіне бейімдеп жатқанын, өз сезімін кейінге ысырып қойғанын бірден аңғармайды. Ал бір күні «мен қайда қалдым?» деген сұрақ туындайды.
Сондықтан «кім кімге тәуелді?» деген сұрақтың жауабы қарапайым емес. Нарцисс қоғамсыз өмір сүре алмайды. Ал қоғам шынайылықтан гөрі әсерлі бейнені таңдағанда, бұл шеңберді өзі де күшейтеді.
Нарциссизм – айыптау үшін емес, түсіну үшін айтылатын ұғым. Өйткені оның түбінде көбіне даңғаза емес, үнсіздік жатыр. Мақтау емес, мойындалуға деген терең қажеттілік жатыр. Ал шынайы еркіндік сыртқы реакциядан емес, адамның өз ішкі тірегінен басталады.
Аяулым ШЫНГАЕВА





