«Жетісу» волейбол клубының биылғы шешуші ойындарында капитандықты қолға алып, нағыз лидер ойыншылардың бірі екендігін дәлелдеген – Мария Фролова. Ресей құрамасында ойнаған, Суперлигада (Ресей чемпионаты) айрықша көзге түскен волейболшы маусым басында (2025 жылы шілде) жетісулықтарға «Енисей» (Ресей) командасынан келген болатын. «Жетісу» сапында ел чемпионатының 34-ші маусымының қорытындысы бойынша «MVP» (Ең сапалы ойыншы) болды. Бразилияда өткен клубтар арасындағы Әлем чемпионатында, Тайландта болған 2-ші Азия чемпиондар лигасында «Жетісудың» нәтижелі ойыншыларының бірі болды.
– Маша, өткен маусым жөнінде айтсақ. «Жетісу» өзі қатысқан жарыстардың барлығынан жүлдемен оралды…
– Бұл маусым біз үшін өте қиын болды деп айтсамда болады. Өйткені, командамыз бір емес бірнеше ірі турнирге қатысты. Қарсыластарымызда оңай болған жоқ. Ұлттық лиганың өзіндегі қарсыластың деңгейі өте жоғары болды, әсіресе финалдық кезеңде. Клубтар арасындағы Әлем чемпионатында жаһанның үздіктерімен ойнадық. Одан кейін Азия чемпиондар лигасында сары құрлықтың мықтыларымен жолықтық. Физикалық тұрғыдан, моральдық жағынан біз көп күш жұмсадық. Ал бір жағынан маусым өте қызықты, тартысты өтті. Тіпті, әлемнің кез келген командасы бір маусымда дәл осындай ірі, айтулы жарыстарға қатыспайды. Бұл тұрғыда «Жетісудың» бәсі жоғары.
– Қазақстанның бірнеше қаласында болдың, қай шаһар ерекше әсер етті? Келешекте қай қалаға қонақ есебінде келуді ойлайсың?
– Қазақстан мен үшін әуелі достықтың мекені. Өте қонақжай. Маған үнемі қамқорлық көрсетіп тұратын, қолдауға дайын, ақ көңіл жандар жолықты. Алғаш келгін күні-ақ ойыншылар барлығы «не керек, бәрі дұрыс па?» деп сұрап, көмек қолын созуға дайын екендіктерін білдірді. Сондықтанда болар мен үшін командамен жұмыс жасау өте керемет әсер сыйлады. Ал Қазақстанның бірнше қаласын тамашалап үлгердім. Түркістан ерекше әсер сыйлады. Әрине, одан кейін Астана қаласында қатарға қосамын. Сәуелеті келісті, әр сәт сайын даму үстінде. Келешекте Қазақстанға қонақ есебінде келіп, Алматының іргесіндегі Медеу, Шымбұлақ сынды әсем жерлерді көргім келеді. Одан кейін маған қазақтың тағамдары қатты ұнады.
– «Жетісуға» келгеніңізге өкінген сәттер болды ма? Ал клубпен жұмыс істегеннен кейін не түйдіңіз?
– «Жетісуға» келу туралы шешімді қабылдағаныма қуанамын. Бұл жерде өз ісін білетін мамандармен танысып, жұмыс істедім. Ал ондай жерде жұмыс істеу кез келген адамды өсіріп, өзіңді шыңдай түседі. Ойыншылардың арасындағы достықтың өзі керемет. Бір-біріне көмектесуге әзір. Волейболшылар не үшін, қандай мақсатта жүргенін жақсы біледі, дәл сол үшін еңбектенеді. Ал ондай жерде тек нәтиже жоғары болмақ. «Жетісудағы» әр күн ерекше өтті. Сағынатын боламын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Серік ҚАНТАЙ





