Қоғам дамуының қай кезеңінде де адалдық пен әділдік таразысы басты өлшем саналған. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып, ел болашағына тікелей ықпал ететін маңызды бағыт ретінде айқындалды. Бұл мәселе тек басқару жүйесінің шеңберімен шектелмей, тұтас қоғамның сапалы дамуына әсер ететін күрделі құбылыс ретінде қарастырылады.
Жемқорлық дендеген ортада экономикалық өсім баяулап, мемлекеттік ресурстар мақсатсыз жұмсалады. Заңсыз шешімдер мен жеке бастың мүддесін жоғары қою үрдісі қоғамдық сенімге сызат түсіреді. Мұндай келеңсіздіктер елдің ілгерілеуін тұсаулап, әділет қағидаттарының әлсіреуіне әкеледі.
Сыбайлас жемқорлық қоғамдағы теңдік пен әділдік ұстанымдарын шайқалтып, заң үстемдігіне нұқсан келтіреді. Соның салдарынан азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі төмендеп, қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төнеді. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін ашықтық пен есептілік тетіктерін орнықтыру – уақыт жүктеген міндет.
Елімізде бұл бағытта жүйелі шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, электронды үкімет жүйесінің жетілдірілуі, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру және қоғамдық бақылаудың күшеюі – соның айқын дәлелі. Бұл бастамалар басқару үдерісінің айқындығын қамтамасыз етіп, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етеді.
Жетісу облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде адалдық қағидаттарын орнықтыруға айрықша мән беріледі. Қызмет барысында заң талаптары қатаң сақталып, қызметтік әдеп нормалары берік ұстанымға айналған. Ұжым ішінде ашықтық, жауапкершілік және тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Азаматтармен қарым-қатынаста заңдылық пен әділдік негізгі бағдар ретінде орныққан.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – баршаға ортақ жауапкершілік. Әр азамат заң талаптарын құрметтеп, адалдық қағидаттарын өмірлік ұстанымға айналдырған сәтте ғана қоғамда сенім мен тұрақтылық орнығады. Осындай берік негіз арқылы әділет салтанат құрған, дамыған әрі кемел мемлекет қалыптастыруға жол ашылады.
А.Төлеубекова,
Жетісу облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің активтерді
басқару бөлімінің бас маманы





