IT саласында кең тараған бір ұғым бар – «взрастить единорога». Бұл стартаптың нарықтағы құнын 1 миллиард доллардан асыру дегенді білдіреді. Әлемде мұндай жетістікке жеткен компаниялар санаулы ғана. Ал сол биік межені бағындыруды армандаған жастар Жетісу аймағында да қалыптасып келеді. Облыстағы «Jetisu Digital» аймақтық IT-хабы дәл осындай батыл мақсатты көздеген жаңа буынды тәрбиелеуде.
Оқушылар сарайында өткен ауқымды көрме – соның айқын дәлелі. Шараға қала мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысып, өздерінің тың жобаларын ұсынды. Олардың қатарында жеке және мемлекеттік білім беру мекемелерінің шәкірттері бар. Барлығын біріктірген ортақ бағыт – робототехника мен жасанды интеллект.
Көрмеде ерекше назар аудартқан жобалардың бірі – «TK Robotics» мектебінің оқушысы Нұрасыл Шариповтың жұмысы болды. Ол қашықтан басқарылатын, жарақат алған адамдарды қауіпті аймақтан эвакуациялауға арналған роботтың макетін таныстырды. Жас өнертапқыштың айтуынша, мұндай құрылғы ірі техногендік апаттар кезінде құтқару жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін. Қазірдің өзінде жоба әлеуеті жоғары, тек оны әрі қарай дамыту үшін қолдау қажет.
– Жуырда шәкірттерімді Астана қаласында өткен республикалық жарысқа апарып келдім. Байқауда жүлделі орын бұйырмағанымен, оқушылар өз деңгейінде жақсы нәтиже көрсетті. Биылғы сайыстың ерекшелігі – тапсырмалар археология саласымен байланысты болды. Қазба жұмыстарына IT технологияларды енгізу мәселесі қамтылды. Болашақта жетісулық өрендердің талай додада топ жаратынына сенемін, – дейді робототехника үйірмесінің жетекшісі Айгүл Сыдықова.
Жиында №19 мектептің 10-сынып оқушысы Рамазан Өмірғали өз жобаларын таныстырып, IT және жасанды интеллект саласында фриланс арқылы табыс табудың жолдары туралы ой бөлісті. Оның батыл көзқарасы мен нақты жоспарлары – ертеңгі күні Жетісудан да әлемдік деңгейдегі стартаптардың шығуы әбден мүмкін екенін көрсетеді.
Шара соңында акт залында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Робототехника мектептерінің негізін қалаған ұстаздар мен бағдарламалаушы оқушылар арнайы Грамоталармен марапатталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген лайықты баға ғана емес, жаңа жетістіктерге жігер беретін маңызды қадам.
Медет ЖҰМАБАЙ





