Өңір басшысы Бейбіт Исабаев жетісулықтарды әз-Наурыз мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құрметті жетісулықтар!
Әз-Наурыз мерекесіне орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Күн мен түн теңеліп, күллі тіршілік қайта түлейтін көктемнің осы бір шуақты шағында жыл басы – Ұлыстың Ұлы күнін халқымыз үлкен қуанышпен қарсы алуда.
Бұл мейрамды онкүндік ретінде кеңінен атап өту бүгінде игі дәстүрге айналды. Наурызнаманың әр күні жаңа дәуірге сай цифрландырумен ұштастырылып, халқымыздың салт-дәстүрін паш етуге, ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, сол арқылы қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға үлкен ықпал етуде.
Ерекше атап өтерлігі, биылғы Наурыз Президентіміздің бастамасымен қолға алынған жаңа Ата Заң бойынша өткен референдуммен тұспа-тұс келіп, 15 наурыз еліміздің Конституция күні болып белгіленді. Бұл табиғатпен қатар біздің қоғамның да рухани жаңғырғанын, сана сергектігін, жаңа серпіліс пен игі бастамаларға бет бұрғанын айғақтайды.
Әрқашан еліміз өсіп-өркендеп, ынтымағы жарасқан Жетісу жұртшылығының еңбегі жемісті, берекесі мығым бола берсін! Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш, молшылық пен бақыт әкелсін.
Ұлыс оң болсын, ардақты қауым!





