Көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Талдықорған қаласындағы Еркін ауылында кең көлемде аталып өтті. Табиғат түлеп, тіршілік жаңарған бұл мереке ауыл тұрғындарын бірлік пен берекеге ұйыстырған ерекше күнге айналды.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан, қала әкімі Ернат Бәзіл ауыл жұртшылығын әз Наурызбен құттықтап:
– Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, бірлік пен берекенің мейрамы. Бұл күні адамдар бір-біріне ізгі тілектерін арнап, татулық пен достықты нығайта түседі. Осындай мерекелер арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жас ұрпаққа өнеге көрсетеміз. Баршаңызға амандық, әр шаңыраққа құт-береке тілеймін, – деді.
Шара барысында ауылдың намысын республикалық және облыстық деңгейде қорғап жүрген спорт шеберлері марапатталып, олардың еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды. Сондай-ақ, тойдың сәнін келтірген ұлттық спорт түрлері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, асық ату сынды дәстүрлі ойындар ұйымдастырылып, ауыл жастары мен ересектері белсенділік танытты. Әсіресе, балуандар белдесуі көрермендердің қызығушылығын арттырып, нағыз тартысты додаға ұласты.
Мереке аясында ұлттық дәстүр де кеңінен көрініс тапты. Қала әкімі Ернат Дүйсенбекұлы тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын кесіп, оның өмір жолының ашық әрі сәтті болуына ақжарма тілегін білдірді. Бұл рәсім көпшіліктің көңілін толқытып, ұлттық салттың мән-маңызын тағы бір мәрте айшықтады.
Қаз-қатар тізіліп тігілген ақ шаңқан қазақ үйлері мерекелік алаңның сәнін асырды. Әсем безендірілген киіз үйлердің әрқайсысы ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкеріліп, ата-бабамыздан жеткен салт-дәстүрдің көрінісін паш етті. Ауыл тұрғындары мен қонақтар үшін бұл үйлер тек бас қосатын орын ғана емес, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің жарқын бейнесін танытатын рухани кеңістікке айналды.
Киіз үйлерде ақ дастарқан жайылып, келген қонақтарға наурызкөже ұсынылды. Бұл – береке мен молшылықтың белгісі саналатын ұлттық тағам, мерекенің ажырамас бөлігі ретінде көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекеде ауыл ақсақалдары да өз ақ тілектерін білдірді. Еркін ауылының ақсақалы Арыстанбек Бибатырұлы жиналған жұртты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап:
– Наурыз – ата-бабамыздан келе жатқан берекелі мейрам. Осындай игі шаралар арқылы біз ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетеміз. Ауылымыз аман, жұртымыз тыныш болсын, әр шаңыраққа құт-береке дарысын, – деді.
Ән мен күй әуелеп, ұлттық нақыштағы өнер көрсетілімдері ұйымдастырылған бұл күн шын мәнінде халықтың рухын көтеріп, мерекелік көңіл- күй сыйлады. Ауыл тұрғындары бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, ортақ қуанышқа бөленді.
Осындай игі мерекелік шаралар Талдықорған қаласына қарасты Көктал, Өтенай ауылдарында да кең көлемде, думанды түрде өтті. Сондай-ақ, Достық үйі алаңында асық атудан жарыс ұйымдастырылып, ұлттық ойындарға деген қызығушылықтың арта түскені байқалды.
Қ. ОМАРАҚЫН





