Талдықорғанда орын алған қайғылы жарылысқа қатысты тергеу амалдары аяқталып, іс сотта қарала бастады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетсек, 2024 жылғы 31 желтоқсанда екі қабатты тұрғын үйде жойқын жарылыс болып, арты өртке ұласқан еді. Мерекелік дастархан басында отырған Бекпаевтар отбасы күтпеген жерден ажалмен бетпе-бет келді. Оқиға салдарынан жеті адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенімен, отағасы Ерлан Бекпаев, жұбайы Дания және 16 жастағы ұлы Асанды аман алып қалу мүмкін болмады.
Мамандардың анықтауынша, жарылыс табиғи газдың таралуы салдарынан туындаған. Үй маңында төмен және орта қысымды газ құбырлары өткен, ал олардың қауіпсіздігіне жауапты екі бірдей газ компаниясы болған. Тергеу барысында осы мекемелердің бірінің басшысы күдікті деп танылып, қамауға алынды. Қазіргі таңда іс Қылмыстық кодекстің «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету» бабы бойынша қаралып жатыр.
Сот процесі басталып кетті, ал келесі отырыс сәуір айына жоспарланған. Бұл іс көпшіліктің назарында, өйткені жауапты тұлғалардың салғырттығы тұтас бір отбасының тағдырын талқандады.
Қайғылы оқиғадан кейін отбасының үлкен ұлы Ернұр барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға мәжбүр болды. Ол бір сәтте әрі әке, әрі ана болып, кәмелетке толмаған бауырларына қамқорлық танытып отыр. Ернұрдың айтуынша, жарылыс тек жақындарын ғана емес, баспанасын да тартып алған. Қазіргі уақытта жас жігіт заңдық және тұрмыстық қиындықтармен күресе жүріп, туыстарының көмегімен жаңа өмірге бейімделуге тырысуда.





