Жетісу облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жағдай бойынша нақты деректер жарияланды. Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен брифингте өңірлік департаменттің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысы таныстырылды.
Жиында баяндама жасаған ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ербол Агибаев есепті кезеңдегі негізгі көрсеткіштерді атап өтті.
– Бүгін департаменттің бірінші тоқсандағы жұмыс нәтижелерін ұсынамыз. Сонымен қатар, өңір тұрғындары жиі кездесетін мәселелерге, оның ішінде сатып алу қауіпсіздігі мен цифрлық төлемдерге қатысты сұрақтарға тоқталамыз, – деді спикер.
Оның мәліметінше, үш ай ішінде департаментке 280 өтініш түскен. Өтініштер «E-өтініш» платформасы, жедел желі, Telegram-бот және азаматтарды жеке қабылдау арқылы қабылданған. Қаралған арыздардың нәтижесінде тұтынушыларға 3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Салалар бойынша бөліністе ең көп өтініш бөлшек саудаға тиесілі – 102. Негізгі шағымдар тауарды қайтарудан немесе айырбастаудан бас тарту, яғни«қайтарылмайды» деген заңсыз талаптар, сапасыз өнім сату және жөндеу мерзімдерінің созылуына қатысты.
Тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету саласында 67 өтініш тіркелген. Азаматтар сумен, жылумен және электрмен қамту сапасына, сондай-ақ есептеулердің дұрыстығына және ПИК қызметіне қатысты шағымданған.
Тұрмыстық қызмет көрсету бойынша 37 өтініш түскен. Бұл бағытта техниканы жөндеу сапасы, жиһаз жасау, химиялық тазарту және техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметтері бойынша мәселелер көрсетілген.
Байланыс қызметтері саласында 23 өтініш тіркелген. Шағымдардың басым бөлігі мобильді байланыс пен интернеттің тұрақсыздығына және қаражаттың негізсіз ұсталуына қатысты.
Электрондық сауда бойынша 22 өтініш түскен. Тұтынушылар көбіне тауар сипаттамасының сәйкес келмеуі, қаражатты қайтару мерзімінің кешіктірілуі және сатушылармен кері байланыстың болмауына шағымданған.
– Өтініштер санының артуы азаматтардың өз құқықтарын қорғауға белсенді кіріскенін көрсетеді, – деді Ербол Талапұлы.
Сондай-ақ, есепті кезеңде 11 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 9 жағдайда заң бұзушылықтар анықталып, 2 тексеруде бұзушылық тіркелмеген. Жалпы 15 әкімшілік хаттама толтырылып, 432 550 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





