Алматы облысының полицейлері әлеуметтік желіде Наурыз мейрамы туралы даулы мәлімдеме жасаған блогерді құрықтады. ТикТок платформасында жарияланған видеода автор бұл мерекені «мұсылманша емес» деп атап, оны Қазақстанда тойлауға болмайтынын айтқан, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 1991 жылы туған К. есімді азаматқа қатысты діни алауыздық тудыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 174-бабы 2-бөлігі бойынша, егер қылмыс қоғамдық пікір көшбасшысы тарапынан жасалса, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Желіде тараған видеода блогер Наурызды «қазақтың да, мұсылманның да мерекесі емес» деп сипаттап, оны зороастризм дәстүрімен байланыстырған. Оның пікірінше, мұсылмандар тек Ораза айт пен Құрбан айтты ғана тойлауы тиіс. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен наразылық тудырды. Желі қолданушылары авторды тарихты бұрмалады және халық арасына іріткі салмақ болды деп айыптады.
Сынның астында қалған соң видео өшірілгенімен, құқық қорғау органдары оған құқықтық баға беріп үлгерді. Мамандар Наурыздың Қазақстанда діни емес, жалпыұлттық мәдени мереке екенін алға тартады.
Тарихшы Сұлтан Әкімбековтың айтуынша, мұндай радикалды пікірлер дәстүрлі ханафи мәзһабы мен қатаң діни ағымдар арасындағы қайшылықтан туындайды. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ мұсылмандығы жергілікті салт-дәстүрлермен бітеқайнасып кеткен. Ал дінге жаңадан келгендер (неофиттер) көбіне ұлттық құндылықтарды жоққа шығаруға бейім келеді.
Религиятанушылар мен исламтану мамандары да Наурызды тойлау шариғатқа еш қайшы еместігін сан мәрте мәлімдеген. Бұл – табиғаттың жаңаруы мен еңбектің мерекесі. Көршілес Ауғанстанда «Талибан» билікке келген соң Наурызды ресми күнтізбеден алып тастағаны белгілі. Қазақстан үшін мұндай қадамдар ұлттық кодтан айырылу қаупін тудырады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамының маңызына тоқталып, оны рухани тазару мен жаңару уақыты деп атаған болатын. Мемлекет басшысы елімізде саяси радикализм мен экстремизмге орын жоқтығын, кез келген алауыздық тудыру әрекеттеріне қатаң тосқауыл қойылатынын үнемі айтып келеді.
Ұлттық мерекелер мен дәстүрлер – халықты біріктіруші фактор. Сондықтан этносаралық және діни татулықты сақтау әрбір азаматтың міндеті.





