Елімізде бірінші сыныпқа құжат қабылдау процесіне маңызды өзгерістер енгізілді. Оқу-ағарту министрлігі өткен жылдардағы тәжірибені зерделей отырып, қабылдау науқанының басталу мерзімін 1 сәуірден 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл қадам ең алдымен білім беру мекемелеріндегі жұмысты жүйелеуге бағытталған. Жаңа ереже бойынша қабылдау процесі негізгі оқу кезеңінен бөлінеді. Бұл мектеп әкімшілігіне түсетін жүктемені азайтуға және оқу жылының аяқталу кезіндегі білім сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналарға бұл өзгерістің себебін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұған дейін құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, мектептегі қызған оқу процесімен қатар жүретін. Бұл жағдай:
- Мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге қосымша салмақ салды;
- ІТ мамандарының жұмысын қиындатты;
- Кейбір жағдайларда қабылдау процесін тиімді ұйымдастыруға кедергі келтірді.
Осындай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін биылдан бастап құжаттарды өткізу уақыты қайта қаралды. Енді ата-аналар балаларын мектепке мамыр айының соңында, яғни оқу жылы аяқталған соң тіркей алады.
«Енді құжат қабылдау 27 мамырдан басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Бұл қадам ата-аналар үшін де, мектептер үшін де қолайлы болады деп санаймыз», – деді министр.
Қазіргі уақытта құжат қабылдау жүйесі бірнеше мәрте тестілеуден өткізіліп жатыр. Мамандар ата-аналар үшін ыңғайлы цифрлық жағдай жасау мақсатында барлық техникалық тетіктерді реттеуде.
Бұл жаңалық мектеп табалдырығын аттағалы отырған бүлдіршіндердің ата-аналарына жазғы демалыс алдында құжаттарын асықпай реттеуге мүмкіндік береді. Дайындықты қазірден бастап, қажетті құжаттар тізімін түгендеп қоюды ұсынамыз.




