Талдықорған қаласында «Заң мен тәртіп, Есірткісіз өмір» ұранымен ауқымды спорттық акция ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырған шара салауатты өмір салтын насихаттауға және зиянды әдеттерден саналы түрде бас тартуға негізделген.
Бұқаралық спортты дамыту арқылы нашақорлықтың алдын алу мәселесі бүгінгі қоғам үшін өте өзекті. Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер мен қала тұрғындары арасында есірткіге қарсы берік иммунитет қалыптастыру. Таңертеңгілік сергіту жаттығуларынан бастау алған акция 2 шақырымдық жаппай жүгіруге ұласты. Марафонға 150-ден астам адам қатысып, ортақ мақсат жолында бірлесе қимылдады.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілдері спорттық шаралардың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды. Олардың пайымынша, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және физикалық белсенділікті арттыру – тәуелділіктің алдын алудың ең тиімді жолы. «Спортты таңдау – жарқын болашақты таңдаумен тең. Осындай бастамалар жас буынның өмірге жауапкершілікпен қарауына септігін тигізеді», – деп атап өтті басқарма мамандары.
Жарыс қорытындысы бойынша ең жүйрік әрі белсенді қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды. Ал мәре сызығын алғашқы болып кескен 1,2,3,4,5-орын иегерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді. Марафонға қатысқан мектеп оқушылары мен студенттер спорттың зиянды әдеттерге лайықты балама екенін іс жүзінде дәлелдеді.
Талдықорғанда өткен «Стоп наркотик» акциясы тек спорттық жарыс қана емес, тұтас қоғамға тасталған үндеу. Жетісу полициясы есірткінің таралуына тосқауыл қою үшін тек заң аясындағы шектеулермен шектелмей, алдын алу шараларына баса назар аударып отыр. Күш біріктіру арқылы ғана нашақорлықтан ада, дені сау ұлт қалыптастыру мүмкін болмақ.
Қазіргі уақытта облыс аумағында осындай профилактикалық іс-шаралар жиілеткен. Бұл қадамдар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, есірткінің зардабы туралы ақпаратты кеңінен таратуға жол ашады. Салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың қатары көбейген сайын, қылмыс деңгейі де төмендейтіні анық. Жетісулықтарды белсенді болуға және өз денсаулығын қадірлеуге шақырамыз.





