Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы орташа жалақыға қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
2025 жылдың IV тоқсанында елдегі орташа айлық номинал жалақы (шағын кәсіпкерлік субъектілерін есепке алмағанда) 473 158 теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір тоқсан ішінде 10,2 пайызға өскен.
Өңірлер бойынша ең жоғары орташа жалақы Астана қаласында тіркелді – 659 610 теңге. Сондай-ақ жоғары көрсеткіштер Маңғыстау облысында – 658 762 теңге және Ұлытау облысында – 648 620 теңге болды. Алматы қаласында орташа жалақы 601 126 теңге болса, Шымкентте – 364 034 теңге.

Ең төменгі жалақы көрсеткіштері Жетісу облысында – 349 593 теңге, Жамбыл облысында – 335 794 теңге және Түркістан облысында – 324 229 теңге деңгейінде қалыптасты.
Сонымен қатар, 2025 жылдың IV тоқсанындағы медианалық жалақы 339 912 теңгені құрады.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың III тоқсанында орташа жалақы 429 368 теңге, ал медианалық жалақы 302 584 теңге болған.





