Көктем келіп, күн жылынған сәтте дала төсі дүбірге бөленіп, шаруалар қызу жұмысқа кіріседі. Өйткені бұл ауыл шаруашылығы саласындағы ең жауапты кезең саналады.
Бұл уақытта егіс алқаптарында жер жырту, тырмалау, тұқым себу жұмыстары қарқын алады. Әсіресе ылғал сақтау мен топырақ құнарын арттыру шараларына ерекше көңіл бөлінеді. Көктемгі жұмыстардың сапалы жүргізілуі – күзгі мол өнімнің кепілі. Көктемнің ауа райы да шаруалар үшін ыңғай танытып тұр. Ерте жылынған күн дала жұмыстарының уақытылы басталуына мүмкіндік беруде.
Десе де ауа райының құбылмалы болуы әрдайым сақтықты қажет етеді. Сондықтан диқандар бар күш-жігерін салып, егіс науқанын ойдағыдай өткізуге тырысуда. Қазіргі ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалануды ойлаған жетісулық шаруалар аймақтың бірнеше өңірінде жұмысты бастап кетті. Жалпы биыл егіс алқабын 511,8 мың гектарға жеткізу жоспарланған, оның 387 мың гектары көктемгі кезеңде егіледі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда 43,3 мың гектар жерге қысқы ылғал жабу жұмыстары жүргізілген. Сонымен бірге 19,2 мың гектар алқап тырмаланып, 21,8 мың гектар жер жыртылған. Диқандар қазір 2 275 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын сеуіп үлгерді. Алқаптарға арпа, бидай, мақсары және көпжылдық шөптер егіледі.
Бүгінде шаруалар Ескелді, Көксу, Кербұлақ және Панфилов аудандарында көктемгі науқанды қыздырып жатыр. Қант қызылшасын егуді шамамен 5 сәуірден бастап 10 мамырға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Дала жұмыстарын жүргізу үшін 124 сепкіш дайындалған. Жалпы көктемгі егіске 20,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы толық жөндеуден өткен.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қажетті ресурстармен қамтамасыз ету жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бүгінгі күні 391 шаруа қожалығы 18,7 мың тонна минералдық тыңайтқыш сатып алды. Сондай-ақ, операторлар да 1,4 мың тонна арзандатылған дизель отынына қол жеткізді.
Айта кетейік, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне елеулі қолдау көрсетілуде. Мәселен, «Кең дала 2» бағдарламасы аясында биылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 10,8 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде 184 шаруашылық иесі жеңілдетілген несие алу мүмкіндігін пайдалана алды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Шампиковтың сөзінше, биыл дәнді дақылдарды азайту жоспарланған. Ал майбұршақ, майлы дақылдар мен қант қызылшасы және жем- шөп сияқты басым дақылдардың егіс алқаптары ұлғайтылады. Шаруалар қазір аймақта қант қызылшасын өсірудің тиімділігін, оны қайта өңдеуге екі зауыттың қабылдайтынын, субсидиялар сияқты түрлі артықшылықтың бар екенін айтып, ойларымен бөлісті.
«Jetisu agro complex» ЖШС директоры Қанат Санияз олардың шаруашылығындағы жұмыстардың жоспарлы түрде жалғасып жатқанын айтты.
– Қазір тырмалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жалпы егістік алаңы 1400 гектарды құрайды. Күнбағыс, майбұршақ, жүгері және қант қызылшасын егуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында минералды тыңайтқыштар және арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз етілдік, – дейді Қанат Санияз.
Жалпы облыс аумағында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 240 шаруа қожалығы 7,3 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Тұқым, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштарды сатып алу ісі жалғасуда. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы филиалына 4,5 млрд. теңгеге өтінім берілді, оның ішінде 1,5 млрд. теңгеге 53 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.
Облыста ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді барлық қажетті ресурс – тұқым, тыңайтқыш, отын және техникамен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұл көктемгі егіс науқанының уақытылы әрі сапалы өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





