Өмірде әр адамның жүрегіне жарық беріп, бағыт-бағдар болар тұлғалар бар. Мен үшін Бейсен Құранбек – дәл осындай тұлға. Оның өмірі мен еңбегі – шынайылықтың, адамгершілік пен еңбекқорлықтың айқын үлгісі. Журналистика саласына алғаш қадам басқан мен үшін облыстық БейсенҚұранбек атындағы байқауға қатысу үлкен мәртебе болды. Байқауға қатысуға көп еңбек пен ізденіс қажет. Осы жолда Бейсен Құранбектің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, оның еңбектеріндегі басты құндылықтарды өзіме бағыт-бағдар ретінде алдым. Өзім дайындаған бейнебаянда оның “Әр адам өзінің қабілеті, икемі бар затпен айналысуы керек”,- деген сөзін басты идея ретінде қолдандым. Бұл ақыл маған әр қадамым да шабыт беріп, бейнебаянның негізгі мазмұнын ашуға көмектесті.
Осы байқауға мені дайындаған қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығымды арттырып, әр бір сөздің мәнін ұғындырып, жан-жақты дайындыққа жетелеген Даулетбекова Балжан Абдулдақызына алғысым шексіз.
Дайындық кезінде өзіме сенімсіз сәттер болды. Бірақ осы сәттерде Бейсен Құранбектің өмір жолынан күш алдым. Журналист: “Ең мықты күрес – адамның өз-өзімен күресі”,- деп айтқан екен. Бұл сөздер мені қанаттандырып, өзіме деген сенімділік сыйлады. Байқау қорытындысын жариялау кезінде жүрегім толқып, қолдарым дірілдеп, жан-жақтан “Менің атым аталса екен” деген ой санамда сан рет қайталанды. Сахнада ұйымдастырушылар әр қатысушының еңбегін атап өтіп жатқанда, менің жүрегім одан әрі қатты соға бастады.Кенеттен, менің есімім 1-орын иегері ретінде аталғанда, өз құлағыма өзім сенбедім. Толғаныс, қуаныш, мақтаныш сезімдері араласты. Бұл сәт – барлық еңбектің, дайындықтың ақталғаны секілді болды. Байқаудың нәтижелері аталып біткен соң “Жетісу” телеарнасының тілшілері мені сахна сыртында арнайы сұхбатқа шақырды. Камера алдында толқып тұрсам да, барлық дайындық, ұстазымның еңбегі және байқауда алған әсерім туралы шынайы бөлістім. Осы байқауды ұйымдастырған жандарға айтар алғысым шексіз. Олар бізге тек байқау ғана емес, нағыз өмірлік сабақ сыйлады. Әрбір қатысушы үшін бұл мүмкіндік – журналистика әлеміне жасалған алғашқы қадам еді. Олар бізге шығармашылық шеберлікті дамытуды ғана емес, Бейсен Құранбектің адамгершілік құндылықтарын бойға сіңіруді үйретті.
Бұл жеңіс – менің журналистикаға жасаған алғашқы қадамым. Бірақ бұл тек бастамасы ғана екенін жақсы түсінемін. Өз ісіне берілген, шындыққа қызмет еткен Бейсен Құранбек секілді журналист болу – менің басты арманым. “Әркімнің өмірінде із қалдыру міндет емес, бірақ жақсылық жасау – парыз”,- деген оймен мен де болашақта журналистика саласына өз үлесімді қосуға тырысамын.
Ақнұр Сәрсен
Кербұлақ ауданы
Сарыөзек ауылы
Күреңбел қазақ орта мектебі
9-сынып оқушысы





