Бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл тұтас қоғамның алаңдаушылығын тудыратын мәселе. Сондықтан әйелдің құқығы мен қауіпсіздігін қорғау, отбасы берекесін сақтау, зорлық-зомбылықтың алдын алу ортақ міндетіміз.
Осы бағытта Ақсу ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы жүйелі жұмыс жүргізуде. Орталық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен отбасыларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Нәтижесінде отбасы институтын нығайту, әйелдердің құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдарын азайтуды мақсат етеді.
«Жанұя» орталығында көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Мұнда психологиялық кеңес беріледі, құқықтық ақпарат ұсынылады, түсіндіру жұмыстары мен кездесулер ұйымдастырылады. Қажет болған жағдайда дағдарыстық ахуалға ұшыраған азаматтарға уақытша қолдау да көрсетіледі.
Орталық мамандары мен мобильді топ мүшелері ауылдық аймақтарды аралап, тұрғындар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында сауалнамалар жүргізді. Орталыққа жүгінген 72 адамға психолог тарапынан консультациялық кеңес берілсе, 16 мекемеде отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар әлеуметтік желілерде жарияланып, аудандық «Ақсу өңірі» газетінде тақырыпқа қатысты екі мақала жарық көрді.
Зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тек мамандардың немесе құқық қорғау органдарының ғана міндеті емес. Бұл қоғамның жауапкершілігі. Әйелдің амандығы отбасының тыныштығы мен елдің тұрақтылығы. Сондықтан әрбір азамат мұндай жағдайға бейжай қарамай, көмекке мұқтаж жанға қолдау көрсетуі керек.
С. Аймұханова,
«Жанұя» отбасын қолдау
орталығы бұқаралық ақпарат
құралдарымен және
жұртшылықпен
жұмыс маманы
Ақсу ауданы





