Елімізде әлемді жайлаған есірткі мәселесі өршіп тұр. Оған қарсы күрес жүргізу үшін Үкімет те, құзырлы органдар да аянып қалып жатқан жоқ. Жуырда есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңға қол қойылды. Заңдағы өзгертулер наурыз айының 3-інде күшіне енеді.
Заңда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі таратушылар, оның ішінде «есірткі жасырушылар» үшін қылмыстық жауапкершілік бөлінген. Бұрын қылмыскерлер үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша бірыңғай жаза қолданылған болса, енді есірткі жасырушылар Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша жауапқа тартылады. Нақтысын айтсақ енді есірткі сатушыларға жеңілдетілген жаза қарастырылған. Мәселен, заңның 1 бөлігі бойынша енді қылмыскерлер аз мөлшерде есірткі өткізгені үшін ұсталса 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға қамалған. Ірі мөлшерде есірткі сатқандар 6 жылдан 10 жылға дейін сотталады. Бұрын 6 жылдан 12 жылға дейін болған. Аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталғандар 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған.
Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменев:
– Жастар арасында есірткіге әуес жандар әлі де азаймай тұр. Неліктен біз жас буын қалташыларды түрмеден босатқымыз келеді? Өйткені олар түрмеде бір-бірімен тәжірибе алмасып, келіссөздер жүргізе бастайды. Бұл бізге не үшін керек? Есірткі қылмысын жетілдіру үшін бе? Керісінше, біз олардың жазасын қысқартып, жұмыс істеуге, саламатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеуіміз керек. Бұл санаттағы адамдардың шартты-мерзімінен бұрын босауға, сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін одан да жұмсақ түрімен ауыстыруға құқығы бар. Бірден айта кетейін, әрбір үкім сотпен дербес қаралатын болады (айлық мерзім). Бұл үшін сотталушы жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің ұсынымы немесе оның өзінің өтінішхаты қажет, – дейді.
Бұл өзгерістер қылмысты алғаш рет жасаған жастардың түзелуіне, мерзімінен бұрын бостандыққа шығуына мүмкіндік береді. Заңнан, сондай-ақ, шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе қалған жазаны жеңілдетілген шараларға ауыстыру мүмкіндігі туындайды. Сонымен қатар, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға, есірткі өндірушілерге және лауазымды тұлғаларға қатысты жауапкершілікті күшейтетін жаңа бап енгізілді. Мұнда есірткі бизнесін ұйымдастырушылар және есірткі өндірушілер, лауазымды тұлғалар үшін жаза қатаңдайды. Оларға 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Енгізілген өзгерістер қылмыстық жауапкершіліктің бұдан да әділетті жүйесін құруға, сондай-ақ қоғамды есірткінің заңсыз айналымы салдарынан қорғау бойынша шараларды күшейтуге мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі жастардың санасын улап жатқанына алаңдаулы. Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Эмиль Шарменевтің айтуынша түрме есірткі сатушыларға толы.
Қаншама тағдырды талқандаған нәубетке жастардың көптеп шырмалып жатқанына көңіл жүдейді. Ең сорақысы, күн өткен сайын есірткі тектес заттардың формасы түрленіп, жастарды улауда. Сондықтан бізге бұл дертпен қоғам болып күресу қажет.
Айдар ҚАЛИЕВ





