Облыста Алматы – Талдықорған автокөлік тасжолында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – аймақтағы көлік қозғалысын жақсартуға және жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.
Жол жөндеушілер қазір жолдың ең қиын жерлерін қайта жасауды қолға алды. Сонымен бірге биыл аймақта облыстық маңызы бар бірнеше бағыт жөнделеді. Өздеріңізге белгілі, Алматы – Талдықорған автокөлік тасжолы осыдан 11 жыл бұрын пайдалануға берілген. Ол Алматы – Өскемен республикалық трассасының бір бөлігі. Осы арқылы күніне 10 мыңнан аса автокөлік жүріп өтеді. Сондықтан уақыт пен жүктемеге барлық жол бөліктері төтеп бере алмайды.
Жүргізушілердің айтуынша, жолдар әр маусымда жөнделеді. Жұмыс сапасы көңіл көншітпей тұр. Қыстан кейін көп жерде терең шұңқыр пайда болады. Асфальттің толқын болып кеткен жерлері де бар. Сол себепті автокөліктің дөңгелектеріне, тіпті адам өміріне де қауіп төндіруі мүмкін. Мұндай жолдар болмау керек. Өйткені жүргізушілер оны пайдаланғаны үшін ақы төлейді. Жамбыл – Алғабас ауылдары арасындағы 21 шақырым жол да күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жалпы, Алматы – Талдықорған тасжолының кезең-кезеңімен жаңаруы алдағы екі жылға есептелген.
– Алматы – Өскемен тасжолының Алматы және Жетісу облыстарының шекарасынан Талдықорған қаласына дейінгі учаскесінде орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Онда жол жабыны толық ауыстырылады. Сондай-ақ, таңбалау мен жол белгілерін жаңарту қарастырылған. Яғни бұл трассадағы қауіпсіздік деңгейін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК Жетісу облысы филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Жәнібек Бекежанның сөзінше, жұмыс басталғанға дейін де, аяқталғаннан кейін де тексеріс жүргізіледі. Алдын ала тексеру барысында материалдар зерттеледі. Олар жол жабынының құрамы, асфальт-бетон қоспалары, қиыршық тас фракциялары. Сынақ нәтижелері бойынша зертхана оларды пайдалануға рұқсат береді. Құрылыс аяқталғаннан кейін технология сақталды ма, жоқ па тағы да мониторинг жүргізіледі. Содан кейін жұмыстың сапасы туралы соңғы қорытынды шығарылады.
Жаңарту науқаны облыстық маңызы бар жолдарға да әсер етті. Талдықорған қаласынан Қаратал ауданының орталығы – Үштөбе қаласына дейінгі 40 шақырым жол жөнделеді. Барлық жұмыс көлеміне 6 млрд. теңгеден аса қаржы қарастырылған.
– Орташа жөндеу жұмыстары 38 елді мекендегі ішкі жолдарды қамтиды. Бұл шамамен бірнеше шақырым жол. Сонымен бірге 15 көпір қайта жаңартылуда. Бес өткел қазірдің өзінде ашық, қалғандарын жыл соңына дейін пайдалануға береміз, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Досжанов.
Туристік бағыттарға ерекше назар аударылады. «Бұрқан-Бұлақ» сарқырамасы мен Балқаш көліне баратын жол бұрынғыдан да ыңғайлы болады. Жағалауға дейінгі жолды шомылу маусымының ашылуына дейін аяқтау жоспарлануда. Жұмысшыларға тек жол белгілерін салып, таңбалау жүргізіп және туристердің демалуы үшін заманауи демалыс алаңдарын жабдықтау ғана қалды. Осылайша қазір жолшылар жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауға күш салып жатыр. Жүргізушілерден жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда жол ережелерін қатаң сақтап, қауіпсіздікке мән беру сұралады.
Айгүл Байбосынова





