Сарқан қаласының аумағында көктемгі егіс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда диқандар 300 гектар алқапқа арпа сеуіп үлгерді.
Сарқан қаласы әкімдігінің бас маманы Тілеужан Әскербектің мәліметінше, ауа райы қолайлы болса, қант қызылшасын егу жұмыстары 10 сәуірден кейін басталады. Биыл қала бойынша тәтті түбір 230 гектар алқапқа егілмек.
Шаруалар «Кең дала» бағдарламасы аясында төмен пайызбен несие алып, тұқым, жанармай және агротехникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл егіс науқанын уақытылы өткізіп, мол өнім алуға жол ашып отыр.
Мал шаруашылығында да жауапты кезең басталды. Қала бойынша ірі қара, қой-ешкі және жылқыны қосқанда 10 822 бас аналық малдың соңынан бүгінге дейін 1 538 бас төл ерді. Сауынды сиырлар табынға қосылып, өзге мал түрлері жайлауға бет алды. Қазіргі кезде 3 табын жайылымға шыққан.
Табыншы, тұрғындар және әкімдік арасында үшжақты келісімшарт жасалып, малды жайылымға шығару мен жайылымды пайдалану тәртібі нақты бекітілді. Бұл мал шаруашылығын жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі кезеңде егіс алқаптарын дайындау, топырақ өңдеу, арпа мен бидай себу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Мал төлдету және жайылымға шығару жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ





