Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыс әкімдігі ғимаратында болған өртке қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Өңір басшысының айтуынша, оқиғаның нақты себептерін анықтау үшін арнайы тергеу тобы құрылған. Оның мәліметінше, шатырдағы өрт туралы хабарлама 7 сәуір күні сағат 20:21-де түскен. Өрт бір сағаттан астам уақыт ішінде оқшауланып, толық сөндірілген.
– Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық тиісті қызметтер жұмылдырылды. Қосымша әскери қызметшілер де тартылды, – деді Асхат Шахаров.
Айта кетейік, 2026 жылғы 7 сәуір кешінде Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыстық әкімдік ғимаратында өрт шыққан. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алты қабатты әкімшілік нысанның шатыры жанған.
Құтқарушылар оқиға орнына 5 минут ішінде жеткен. Алғашқы бөлімшелер келген сәтте ғимараттың бірнеше жерінде – үш бірдей ошақта жану фактісі тіркелген.
Өртті сөндіруге 140-тан астам қызметкер мен 40-қа жуық техника жұмылдырылды. ТЖМ күштері өртті 300 шаршы метр аумақта толық сөндірді.





