Еліміздің бас қаржы құжатының тұрақтылығы нығая түсуде. Республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 101,8% деңгейінде орындалып, жоспарланған 4 трлн теңгенің орнына қазынаға 4,2 трлн теңге қаржы құйылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі уақытта республикалық бюджеттің 98% үлесін дәл осы салық түсімдері құрап отыр. Үкіметтің мәліметінше, бюджеттің толығуына бірнеше маңызды фактор әсер еткен. Ең алдымен, әлемдік нарықтағы экспорттық тауарларға деген қолайлы баға конъюнктурасы мен сату көлемінің артуын атап өткен жөн. Сонымен қатар, салықтық және кедендік әкімшілендіру шараларының күшейтілуі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік берді.
Салық түрлері бойынша негізгі көрсеткіштер:
-
Корпоративтік табыс салығы (КТС): түсімдер 16,9% деңгейіне артты;
-
Импортқа қосылған құн салығы (ҚҚС): көрсеткіш 24,2% жоғарылады;
-
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы (ПҚӨС): ең жоғары өсімді көрсетіп, 35,7% құрады.
Жаңа салықтық режимдер мен әкімшілендірудің цифрлануы өз жемісін беруде. Жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 392 мың жеке тұлға арнайы салық режимінде ресми тіркелді. Бұл азаматтардың өз кәсібін ашық жүргізуге деген ынтасының артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, ҚҚС төлеушілер қатары 10 мың жаңа субъектімен толықты.
Жалпы алғанда, еліміздің жиынтық бюджет кірісі 6,4 трлн теңгеге жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 17% жуық өсім көрсетті.
Бюджеттің толығуымен қатар, елдегі макроэкономикалық ахуал да оңалып келеді. Алты ай қатарынан инфляция деңгейінің төмендеуі байқалуда. Мысалы, қаңтар мен ақпанда инфляция 1,0–1,1% деңгейінде болса, наурыз айында бұл көрсеткіш 0,6% дейін баяулады. Бұл бағаның өсу қарқыны тежеліп, халықтың сатып алу қабілетінің сақталуына оң ықпал етеді.
Бюджеттің мұндай қарқынмен толығуы алдағы уақытта әлеуметтік жобаларды қаржыландыру мен инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.





