Жетісу облысында полиция мен халық арасындағы ашық байланыс нақты нәтижесін көрсетіп келеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Өңірде ашықтық пен тұрғындармен тікелей диалог орнату – полиция жұмысының басты қағидаттарының бірі. Осы бағытта Жетісу облысының полиция департаменті басшысы Сарқытбай Құсаинов елді мекендерді аралап, тұрғындарды жеке қабылдау тәжірибесін жалғастырып келеді. Кезекті кездесу Еңбек ауылында өтті.
Ашық форматта ұйымдастырылған жүздесу барысында ауыл тұрғындары өздерін алаңдатқан мәселелерді, ұсыныстары мен сұрақтарын тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Көтерілген түйткілдердің бірқатары сол жерде, артық рәсімдерсіз шешімін тапты.
Кездесу барысында жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды. Барлық өтініштер тіркеліп, Талдықорған қаласы полиция басқармасының бастығы Ернар Ширбаевқа нақты тапсырмалар берілді. Әрбір мәселе бойынша тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиынға азаматтық қоғам өкілдері – блогер Хафиз Ғалымжанов (@optimist.hafiz) пен журналист Сандуғаш Дүйсенова да қатысты. Олар көтерген мәселелер көпшілікті алаңдататын өзекті тақырыптарды қамтыды. Бұл өз кезегінде қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді диалогты нығайтуға ықпал етеді.
– Полиция халыққа тек қызмет арқылы ғана емес, диалог арқылы да жақын болуы тиіс. Біздің міндетіміз – әрбір азаматты тыңдап, формалды емес, нақты әрекет ету, – деді Сарқытбай Құсаинов.
Мұндай кездесулер «қолжетімді полиция» қағидатының іс жүзінде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Бұл бастама өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен халық сенімін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.





