Елордада Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен отандық және шетелдік инвесторларды қорғау мәселелеріне арналған ауқымды форум басталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Алқалы жиын ел экономикасына қаржы құйып отырған кәсіпкерлердің құқығын қорғау және инвестициялық климатты жаңа деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Форум жұмысына Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент Мәжілісі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы секілді мемлекеттік құрылымдармен қатар, БҰҰ, ЕҚЫҰ өкілдері және Еуропалық Одақ елшісі қатысып жатыр. Сондай-ақ бейнебайланыс режимінде өңірлердің әкімдері мен прокурорлары да қосылып, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді талқылауда.
Форумның ашылуында Бас прокурор Берік Асылов мемлекеттік саясаттың басты бағыттарын айқындады. Оның айтуынша, ендігі жерде әрбір инвестор нақты қорғауды сезінуі тиіс. Осы мақсатта 2025 жылғы желтоқсан айынан бастап Инвестициялық омбудсмен қызметі Бас прокурорға жүктелді.
Бүгінде прокуратура органдары екі мыңнан астам инвесторға көмек көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам жобаның іске қосылуын қамтамасыз етті. Бас прокуратура базасында арнайы Комитет құрылып, өңірлерде облыс прокурорларының орынбасарлары деңгейінде инвестициялық прокурорлар тағайындалды.
Енді мемлекеттік органдар үшін «прокурорлық сүзгі» тетігі жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – прокурордың келісімінсіз ешқандай орган инвесторды тексере алмайды, оның қызметін тоқтатуға немесе лицензиясын қайтарып алуға құқығы жоқ. Егер мемлекеттік органның шешімі заңсыз болса, прокуратура оның күшін дереу жояды.
Жиын барысында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр ел экономикасының қазіргі қарқынына тоқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі 6,5% көлемінде өсіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асып түсті. Инвестициялар ағыны 14,4%-ға артып, 20,5 млрд доллар сомасын құрады, ал негізгі капиталға салынған қаржы 22,7 трлн теңге рекордын орнатты.
БҰҰ мәліметінше, Қазақстан Орталық Азиядағы барлық ішкі аймақтық инвестициялардың 89%-ын тартып отыр. Тек өткен жылы ғана 10 млрд доллардан астам сомаға 330 маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында KIA Qazaqstan зауыты мен Екібастұздағы ферроқорытпа өндірісі бар.
«Атамекен» Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев кәсіпкерлер үшін «ойын ережелерінің» тұрақты болуы маңызды екенін атап өтті.
«Сіздердің тұрақты бақылауларыңыздың арқасында 2025 жылы кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер саны 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 48%-ға қысқарды. Бұл маңызды және нақты нәтиже, біз шын жүректен алғыс айтамыз», – деді ол.
Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында прокуратура органдары заңнамалық кедергілерді жою бойынша ревизия жүргізуді жалғастырады. 60 млн доллардан асатын ірі жобалар үшін заңнама тұрақтылығы 25 жылға дейін қамтамасыз етілмек.





