Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің 2025 жылғы жұмыстары мен алдағы міндеттері бойынша брифинг өтті.
Жиында өңірдегі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау нәтижелері таныстырылды. 2025 жылы жоспарланған 106 ұйым толық қамтылып, оның ішінде 11 балабақша мен 14 мектеп алғаш рет аттестаттаудан өтті. Алайда 39 мектепке дейінгі ұйым мен 42 мектеп белгіленген стандарттарға сәйкес келмегендіктен аттестаттаудан өтпеді. Ескелді ауданында ұйымдардың 100%-ы, Алакөлде – 92%, Көксуда – 88%-ы талапқа сай болмаған.
Қайта аттестаттау барысында бірқатар мекемелер көрсеткіштерін жақсартқанымен, 3 балабақша қайтадан өте алмады. Олар 2026 жылға профилактикалық бақылау тізіміне енгізілді. Ал 1 балабақша мен 10 мектеп бойынша қайта рәсімдер 2026 жылдың сәуір-маусым айларына жоспарланған.
Осы ретте аттестаттау үдерісінің мәніне тоқталған Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алишер Башаров оның негізгі мақсатын түсіндірді.
«Аттестаттау үдерісінің негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарға сәйкестігін анықтау. Жалпы аттестаттау 2-3 кезеңнен тұрады. Егер ұйым алғашқы кезеңнен өте алмаса, екі күн ішінде кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік беріледі. Осы мерзімде олқылықтар жойылған жағдайда, білім беру ұйымы аттестаттаудан өтті деп есептеледі», – деді ол.
Тексеру қорытындысы бойынша білім беру ұйымдарына анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар берілген. Сонымен қатар екі мектепке профилактикалық бақылау жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталған. Үш жоспардан тыс тексеру нәтижесінде де тиісті нұсқамалар жолданған.
Мемлекеттік қызмет көрсету аясында 432 өтініш қаралып, 3 лицензия берілген, 29 қосымша рәсімделген, 343 өтініш қайта ресімделген. 57 жағдайда талаптардың сақталмауына байланысты бас тартылған. Сондай-ақ 120 құжатқа апостиль қойылған.
Әкімшілік тәжірибе бойынша 10 іс қаралып, жалпы сомасы 771 420 теңге айыппұл салынған.
Педагогтерді қолдау мақсатында арнайы Telegram-чаты жұмыс істейді. Оған 3,5 мыңнан астам адам тіркелген. 700-ден астам өтініш түсіп, негізінен еңбек қатынастары, жалақы, аттестация және әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар көтерілген.
Өткен жылы 58 ауыл мектебіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде инфрақұрылымға қатысты бірқатар мәселелер анықталды. Атап айтқанда, мектептерді жөндеу, оқу кабинеттерімен, жиһазбен, кітапханамен, асханамен қамтамасыз ету және бейнебақылау жүйелерін жаңарту қажеттігі белгілі болды.
Өңірде 6 жекеменшік мектепте 2 592 оқушы білім алуда. Бесеуімен мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша келісімшарт жасалған. Барлық мектеп лицензияланған.
2025-2026 оқу жылында облыстағы 320 мектепте 132 мыңнан астам оқушы білім алуда. Жалпы білім сапасы 63,9%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда сәл артқан. Ең төменгі көрсеткіш Ақсу ауданында тіркелген.
Брифингте саладағы негізгі мәселелер де аталды. 14 мектепте орын тапшылығы бар, 33 мектепте спорт зал жоқ. 15 мектеп ғимараты мен 4 асханаға санитариялық қорытынды берілмеген. Сонымен қатар 38 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Сондай-ақ жалақы саясатына қатысты мәселе бойынша Жетісу облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков педагогтер еңбекақысының өсу динамикасын атап өтті.
«Соңғы үш жылда педагогтердің жалақысы үш рет артты. Қазіргі таңда еңбекақы мөлшері мұғалімнің педагогикалық қызметі мен біліктілік санатына байланысты белгіленеді. Атап айтқанда, педагог, педагог-сарапшы және педагог-зерттеуші сияқты біліктілік деңгейлері жалақы көлеміне тікелей әсер етеді», – деді ол.
Алдағы кезеңде білім беру ұйымдарын стандарт талаптарына сәйкестендіру, инфрақұрылымды жаңарту, аттестаттау көрсеткіштерін арттыру және педагогтерді қолдау шараларын күшейту жоспарланып отыр.
https://youtu.be/0AjaMDlvCJw?si=YJ5qoATWEx5fhkzj
Аяулым Шынгаева





