Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласында өтіп жатқан World Boxing аясындағы 2026 жылғы Азия чемпионатында қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов (60 келі) алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Финалда ол қарсыласын 3:2 есебімен жеңіп, алғашқы минуттан бастап басымдық танытты.
Бұған дейін спортшы іріктеу кезеңінде филиппиндік Пол Джулифер Басконды жеңіп, ширек финалда жапониялық Шунсуке Китамотоның бас тартуына байланысты келесі кезеңге өтті. Жартылай финалда өзбекстандық Абдурахмон Махмуджоновты жеңген болатын.
Оразбек Асылқұлов 2025 жылы IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған.
Жарыста Қазақстан құрамасының өзге боксшылары да өнер көрсетіп жатыр. 70 келіде Төрехан Сабырхан иорданиялық Зейад Ишаишпен, 75 келіде Сабыржан Аққалықов өзбекстандық Жавохир Абдурахимовпен, 85 келіде Нұрбек Оралбай өзбекстандық Жасурбек Юлдошевпен, ал 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай қытайлық Данабек Байкенжемен кездеседі.
Айта кетейік, әйелдер құрамасы 9 сәуірде құрлықтық додада 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған болатын.





