Астана қаласында тәркіленген қымбат көлікке қатысты шешім қабылданып, ол аукцион арқылы сатылмай, полиция теңгеріміне берілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұған дейін Перизат Қайратқа тиесілі болған Mercedes-Benz S 450 автокөлігі Астана қаласының Полиция департаментіне тапсырылды. Бұл туралы қалалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәлім етті.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған мүлік бойынша сатудан гөрі оны мемлекеттік органға беру туралы шешім қабылданған. Өтініштерді қарау нәтижесінде 2026 жылғы 7 сәуірдегі хаттамаға сәйкес Астана қаласының Полиция департаменті сауда-саттықтың жеңімпазы деп танылған.

Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, енді 15 жұмыс күні ішінде барлық қажетті құжаттар рәсімделіп, автокөлік ресми түрде полицияның теңгеріміне өткізіледі. Осылайша Mercedes-Benz S 450 елордалық департаменттің қызметтік пайдалануына беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін аталған көлік аукционға шығарылып, оның бастапқы бағасы 79,4 миллион теңге болғаны хабарланған еді.
Перизат Қайрат Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы ретінде және еріктілер қозғалысының белсенді өкілі ретінде танылған. Алайда 2024 жылғы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі оны 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінгенін мәлімдеді.
Кейін, 2025 жылғы 25 шілдеде сот үкімімен Перизат Қайрат орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оның анасы 7 жылға сотталған.





