Қазақстан паспорты Henley Passport Index жаһандық рейтингінде өз позициясын айтарлықтай жақсартып, 57-сатыға жайғасты. Енді еліміздің азаматтары әлемнің 78 еліне визасыз немесе жеңілдетілген тәртіппен бара алады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Henley & Partners компаниясы жариялаған жаңартылған индекс мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан соңғы жылдары визасыз режимді кеңейту бағытында үлкен жұмыс атқарған. Мәселен, 2023 жылы еліміз 70-орында болса, 2024 жылы – 66, ал 2025 жылы – 61-орынға тұрақтаған болатын. Бар болғаны 2,5 жыл ішінде көк паспортымыз 13 сатыға жоғарылап, халықаралық аренадағы беделін нығайтты.
Қазіргі таңда Қазақстан бұл тізімде Боливия мен Беларусь сияқты мемлекеттерді басып озғанымен, Косово мен Қытайдан сәл кейін тұр.
Аймақтағы көршілес елдермен салыстырғанда Қазақстан паспорты ең мықтылардың бірі болып саналады:
-
Қазақстан: 57-орын (78 бағыт);
-
Қырғызстан мен Өзбекстан: 73-орын (59 бағыт);
-
Тәжікстан: 79-орын (53 бағыт);
-
Түрікменстан: 87-орын (45 бағыт).
Сонымен қатар, Ресей 44-орында (113 бағыт), ал Әзірбайжан 66-орында (67 бағыт) орналасқан.
Henley Passport Index – бұл халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) эксклюзивті деректеріне негізделген әлемдік рейтинг. Бағалау жүйесі қарапайым: егер елге визасыз кіруге немесе шекарада рұқсат алуға (Visa on arrival) болса – 1 балл беріледі. Ал сапар алдында міндетті түрде виза рәсімдеу керек болса – 0 балл.
Әлемдегі ең қуатты паспорт иегері ретінде тағы да Сингапур танылды (192 бағыт). Ал тізімнің ең соңында 24 мемлекетке ғана еркін бара алатын Ауғанстан тұр.
Паспорт беделінің артуы тек туризм үшін ғана емес, сонымен қатар іскерлік байланыстарды нығайту үшін де маңызды. Визасыз режим уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, еліміздің халықаралық деңгейдегі сенімділігін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 2026 жылдан бастап Қазақстанда құжат жасату құны қымбаттайтыны туралы ақпарат шыққан болатын. Сондықтан жоспарлы түрде жаңа құжат рәсімдеуді кейінге қалдырмаған абзал.





