Талдықорған қаласындағы «City Plus» орталығында Ұлттық кітап және кітапханашылар күні кең көлемде аталып өтті. Жетісу облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған «Кітап – ұлттың ұлы байлығы» атты мәдени іс-шара өңір тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері және жастардың басын қосты. Кеш шымылдығы бүлдіршіндердің «Кел, досым, кітапханаға» әнімен түріліп, мерекелік көңіл-күй бірден сезілді.
Іс-шара мазмұны танымдық және мәдени бағыттағы бағдарламалармен толықты. Қатысушылар арасында ұйымдастырылған сұрақ-жауап ойындары кітап пен әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға бағытталса, облыстық филармонияның өнерпаздары кеш көркін аша түсті. Сонымен қатар, баспа үйлері ұсынған кітап жәрмеңкесі оқырманға кең таңдау ұсынып, түрлі жанрдағы екі мыңнан астам кітап көпшілік назарына ұсынылды. «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы дала ойшылдары» атты көрме мен мотивациялық және психологиялық бағыттағы кітаптар көрмесі де келушілердің қызығушылығын тудырды.
Кештің маңызды сәттерінің бірі – Жетісулық «JANR» әдеби клубының «Жайдары жаз…» атты антологиясының тұсаукесері болды. Тұсаукесерге ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әміре Әрін, Қазақстанның құрметті жазушысы Нүсіпбай Әбдірахым және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов қатысып, жаңа жинақтың оқырманға жол тартуына ақ тілектерін білдірді. Мерекенің маңызын атап өтіп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді. Жиында сөз алған Қуаныш Сүлейменов:
– Ұлттық кітап және кітапханашылар күні – руханиятымызды ұлықтайтын, ұлттың зияткерлік әлеуетін айқындайтын маңызды мереке. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған іс-шара – кітапқа деген құрметтің, оқырман мәдениетін қалыптастыру жолындағы жүйелі еңбектің нақты көрінісі. Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын ғана емес, заманауи білім мен технология тоғысқан рухани орталыққа айналып келеді. Сонымен қатар «Кітап сыйла» акциясы аясында кітапхана қорлары жаңа туындылармен толықтырылып жатыр. Бұл – оқырман санын арттыруға, жастардың кітапқа деген қызығушылығын оятуға бағытталған маңызды қадам. Алдағы уақытта да кітап оқу мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын таба береді. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!, – деді ол.
Басқосуда Қазақстан Жазушылар одағы Жетісу облыстық филиалының өкілі Жангелді Немеребай, Қазақстанның құрметті жазушысы Қайрат Бестібай, жазушы әрі «Janr» Жетісу әдеби клубының президенті Есболат Айдабосын да сөз сөйлеп, әдебиет пен кітаптың қоғамдағы орнына тоқталды.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, кітапхана қоры 400-ден астам жаңа кітаппен толықты. Белсенді оқырмандар мен авторлар өз туындыларын тарту етіп, рухани қазынаның артуына үлес қосты. Сонымен бірге кітап саудасы да қызу өтті. «Байлық кітапта» дүкені 70-ке жуық кітап ұсынып, келушілер сұранысына ие болса, «Saybook.kz» кітап дүкені әкелген 150 кітаптың 40-қа жуығын сатты. Дүкен иесі Сая Нұрболатова бұл істі негізгі мамандығымен қатар дамытып отырғанын атап өтті, ал «Байлық кітапта» дүкенінің қызметкері Әйгерім Рақыш оқырмандарға 2018 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқандарына айтты.
Мерекелік бағдарламада заманауи технологиялар да назардан тыс қалмады. І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің студенттері жасанды интеллект көмегімен ертегілерді сюжеттік форматта ұсынып, балалардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жобаларын таныстырды. Smart жүйелерді жобалау мамандығының 3 курс студенттері Асылбек Оразбаев пен Бексұлтан Мизамов бұл бағыттың болашақта сұранысқа ие болатынын атап өтті.
Шара аясында «Quizizz» платформасы арқылы интеллектуалды ойындар, «Жұбын тап» сайысы, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, робототехника, қолөнер және поэзиялық батл сияқты интерактивті бөлімдер ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігі артты. Сонымен қатар, жасанды интеллект тақырыбында арнайы презентация ұсынылып, оның білім беру мен мәдениет саласындағы мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды.
Кеш соңында кітаптың қоғамдағы орны мен маңызы тағы бір мәрте айқындалып, қатысушылар рухани әсермен тарқасты. Ұлттық кітап күні аясындағы бұл ауқымды шара өңірдегі әдеби-мәдени өмірдің жандануына серпін беріп, кітапқа деген қызығушылықтың арта түскенін көрсетті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





