Ғылым көгін еркін шарлағандар үшін ізденіс – міндет, еңбек – мұрат, уақыт – таразы. Сол шоғырдың алдыңғы легінде тұрған есімдердің бірі – Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мұхтар Байбатшанов. Осы орайда біз ғалыммен жүздесіп, оның өмір жолы, ғылыми ізденісі, қоғам мен ауыл тағдырына қатысты ойын тыңдадық.
– Мұхтар Қасенұлы, сіздің ғылымға бастар жолыңыз қай кезеңнен айқындала бастады?
– Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары деген сөз бар. Шынында да, солай. Адам елден жырақ кетсе де, бойына сіңген тәрбие мен тәлім берік болса, туған жеріне қол ұшын созатын азамат болып қалыптасады. Мен 1977 жылы Алакөл ауданы Екпінді ауылында дүниеге келдім. Менің туған ауылым – басын мәңгілік мұз жапқан, аспанына бұлт үйірілген Алатаудың етегінде орналасқан. Кейде сол таудың асқақтығы дәл осы ауылдан бастау алатындай көрінеді. Екпіндінің жері де ерекше – кең алқабы сары алтындай құлпырып жатады. Бұл өңірдің топырағында бір тылсым қуат бардай сезіледі. Сол қуатты тамырдан нәр алғандықтан болар, бұл ауылдан талай талантты, дарынды азаматтар түлеп ұшқан. Балалық шағым осындай табиғатпен астасып өтті. Құс атаулының тіршілігі, жан-жануардың мінезі қызықтыратын. Сол қызығушылық уақыт өте келе мақсатқа айналды.
– Бөдене шаруашылығын зерттеуге бет бұруыңыздың себебі неде?
– Ғылымда игерілмеген бағыттар әрдайым болады. Бөдене шаруашылығы сол кезде жүйелі зерттелмеген сала еді. Әлемде бұл бағыт қарқынды дамып келе жатты. Жапонияда кең таралған, Еуропа мен Азия елдерінде өндірістік деңгейге көтерілген. Ал бізде ғылыми негіз жеткіліксіз еді. Сол олқылықты толтыруға күш салдым.
– Бұл саланың артықшылығы неде?
– Бөдене – өнімділігі жоғары, күтімі тиімді құс. Еті мен жұмыртқасы – диеталық, витаминге бай тағам. Медицинада да қолданылады. Иммунитетті күшейту, түрлі аурудың алдын алу бағытында пайдасы дәлелденген. Жұмыртқасы гипоаллергенді. Сондықтан бұл сала ауыл шаруашылығы үшін де, денсаулық үшін де маңызды.
– Қазіргі таңда еліміздегі құс шаруашылығының даму қарқыны қандай?
– Бұл сала – ауыл шаруашылығындағы ең жылдам нәтиже беретін бағыттардың бірі. Қысқа мерзімде өнім береді, салыстырмалы түрде шығыны аз. Қазір елімізде 50-ден астам ірі құс шаруашылығы жұмыс істейді. Өндіріс көлемі жыл сайын артып келеді. 2000 жылдары 50 мың тонна шамасында болса, бүгінде 300 мың тоннаға жуықтады.
– Сіздің ғылыми қалыптасуыңызға әсер еткен тұлға кім?
– Ұстазым – Болатхан Махатов. Ғылымда талап қоятын, адам тәрбиесінде бағыт беретін ерекше жан. Жас ғалым үшін ұстаздың орны бөлек.
Ғалымның болмысы тек зертхана мен дәрісханамен шектелмейді. Оның жан дүниесінде жыр бар. 2003 жылы «Мен қонақпын» атты өлеңдер жинағы жарық көріп, сол жылы «Мәңгілікке тілейтін тілегім бар» атты жыр кеші өтті. Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты атанды. Университеттің «Ең үздік студенті», «Ең дарынды студенті» атануы – оның көпқырлы болмысының дәлелі.
– Сіздің тұлға болып қалыптасуыңызға отбасының ықпалы қандай болды?
– Әкем – математик, кейін отбасын асырау үшін мал шаруашылығына бет бұрған. Анам – ақынжанды, өнерге жақын жан. Сол орта рухани байлық берді. Жарым – заң ғылымдарының кандидаты. Балаларымыз өсіп келеді.
– Бүгінгі қоғамда «зиялы» ұғымының салмағы өзгеріп бара жатқандай. Әсіресе ғылым саласындағы тұлғалар көп жағдайда көлеңкеде қалып жатады. Неге біз әдебиет пен мәдениет өкілдерін жиі дәріптеп, ал ғалымдарға жеткілікті назар аудармаймыз? Жалпы, қазіргі ақпарат кеңістігінде шынайы зиялы мен жасанды бедел иесін ажырату қаншалықты қиын?
– Ұлттың рухани өзегін қалыптастыратын – зиялы қауым. Алайда біз көбіне әдебиет пен мәдениет саласында жүргендерді алға шығарып, соларды көбірек насихаттаймыз. Ғалымдар жайлы айту, жазу кемшін түсіп жатады. Бұл – қоғамдағы көзқарастың біржақтылығынан туындаған құбылыс. Мен бір кездері Бекежан Тілегеновтің «Тұйық өмірдің құпиясы» атты еңбегін оқыдым. Сол кітап бұрынғы түсінігімді түбегейлі өзгертті. Бұрын экраннан түспейтін, жұртқа танымал жандарды зиялы санайтын ұғым басым еді. Ал шын мәнінде, зиялылық – танымалдықпен өлшенбейді. Бізге оқытылған деректерде ұлт зиялылары XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қалыптасты деп көрсетіледі. Бірақ тарихтың тереңіне үңілсек, елге ақыл айтқан, бағыт сілтеген парасат иелері адамзат қоғамы қалыптасқан кезден бар. Мысалы, «Аңшылықтың даму тарихы» атты ғылыми зерттеулерге сүйенсек, алғашқы кәсіби аңшылықпен айналысқан адамдардың арасынан да елге сөзі өтімді, ойы биік тұлғалар шыққан. Қазір ақпарат кеңістігінде шынайы зиялы мен жасанды беделдің ара-жігі көмескіленіп барады. Ақпарат ағыны тым жылдам. Кім көрінген көптің алдына шығып, өзін тұлға ретінде көрсете алады. Ал нағыз зиялы көп жағдайда тасада жүреді. Оның табиғаты бөлек: даңғазаға ұмтылмайды, дабырасыз еңбектенеді, терең ойлайды. Журналистердің әдебиет пен мәдениет өкілдеріне жиі жүгінуінің де өзіндік себептері бар. Біріншіден, оларды жұрт жақсы таниды. Екіншіден, ақпарат кеңістігі жеңіл қабылданатын дүниеге бейім. Ал ғалымдардың сөзі салмақты, ойы күрделі. Бірақ бұл олардың қоғамдағы рөлін төмендетпейді. Керісінше, елдің ертеңін айқындайтын да солар. Егер ізденіс болса, ел ішінде танылмай жүрген талай тұлға табылады.
– Енді ауылға ойыссақ, бүгінгі ауылдың келбетін қалай бағалауға болады және қай тұстары көңіл көншітпейді деген сұрақ туындайды.
Ауыл – елдің бесігі, берекенің бастауы екені анық. Халықтың әл-ауқатының артуы мен қоғамның тұрақты дамуы ең алдымен ауыл шаруашылығының жолға қойылуымен тікелей байланысты. Тәуелсіздіктің басында кеңестік кезеңде жұмыс кеңшар-ұжымшарлар ыдырап, ір кездері дүрілдеп тұрған ұжымдардың тоқырауы салдарынан көптеген ауылда шаруашылық әлсіреп, инфрақұрылым тозды. Сол себепті кей жерлерде қараусыз қалған үйлер жиі көзге түседі. Жастардың азайып, қарттардың үлесі басым болған ауылдар да аз емес. Білім беру саласында да өзгеріс бар: кейбір елді мекендерде оқушы саны азайып, мектептердің болашағы алаң тудырады. Әсіресе шекара маңындағы ауылдардың жағдайы ойландырады. Мұндай өңірлерде халықтың тұрақтап қалуы қиындап, жұмыс іздеген жастардың қалаға көшуі жиілеген. Мысалы, 1997 жылы 47 мың халқы болған Үйгентас ауданында бүгінде шамамен 20 мыңға жуық адам қалған. Ел бойынша халық саны өсіп келе жатқанына қарамастан, кейбір ауылдарда кері көші-қон үрдісі байқалады. Ауыл – елдің өзегі. Бірақ шекара маңындағы елді мекендерде халық саны азайып барады. Жастар жұмыс іздеп көшуде. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Арнайы бағдарламалар қажет. Ұжымдық шаруашылықтарды қайта жандандыру туралы ойлану керек. Әйтпесе, ауылда тек қариялар қалу қаупі бар.
Ғалым жайлы аз ақпар: Ол 2005 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығын үздік тамамдап, қазақ тобында тұңғыш «қызыл диплом» иегері атанды. Сол жылы-ақ университет қабырғасында ассистент қызметіне қабылданып, ғылымға бет бұрды. Ал 2005-2008 жылдары аспирантурада білімін тереңдетіп, 2008 жылдың 12 желтоқсанында «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Осы арқылы Қазақстанда бөдене шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген алғашқы ғалым ретінде танылды. Ғылыми ізденіс жалғасып, 2009-2012 жылдары PhD докторантурада оқыды. Қызмет жолы ассистенттен аға оқытушыға, одан қауымдастырылған профессор дәрежесіне дейін өрледі. Бүгінде орман ресурстары және аңшылықтану кафедрасында шәкірт тәрбиелеп келеді. Айдынды Алакөлден нәр алған ауыл баласының ғылым биігіне көтерілуі тағдырдың тосын сыйынан бөлек, табандылықтың жемісі.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





