Талдықорғанға қарасты Ынтымақ ауылындағы №30 орта мектебінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған мазмұнды әрі тәжірибелік сабақ өтті. Бұл жолғы шара жай дәрістен гөрі шынайы өмірге жақын форматта ұйымдастырылып, оқушыларға жолдағы тәртіптің маңызын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Жоғарғы сынып оқушылары арнайы жабдықталған автоалаңда түрлі рөлдерге еніп, өздерін нағыз жол қозғалысының қатысушысындай сезінді. Бірі – жүргізуші, бірі – жаяу жүргінші, енді бірі – жол инспекторы ретінде әрекет етіп, әрқайсысы өз міндетінің жауапкершілігін іс жүзінде ұғынды. Сабақтың ең әсерлі тұсы – белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған жаяу жүргінші қуыршақпен жасалған жол-көлік оқиғасының сахналық көрінісі болды. Жеңіл автокөліктің манекенді қағып кеткен сәті оқушыларға жолдағы бір ғана қателіктің қаншалықты ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін анық көрсетті.
– Бұрын жолдан өткенде кейде асығып, жан-жағыма дұрыс қарамайтынмын. Бүгінгі көріністі көрген соң жолда әр қадамның маңызды екенін түсіндім. Енді әрдайым сақ болуға тырысамын, – дейді 4-сынып оқушысы Мирас Семсерхан.
Практикалық сабақ барысында соңғы уақытта кең таралып келе жатқан электросамокатты пайдалану ережелері де назардан тыс қалмады. Мұғалімдер мен ұйымдастырушылар қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп қана қоймай, түрлі қауіпті жағдайларды тәжірибе жүзінде көрсетіп, сақтықтың маңызын нақты мысалдармен дәлелдеді. Сабақ соңында оқушылар алған әсерлерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды.
10-сынып оқушысы Зере Жанат:
– Біз көбіне жол ережелерін білеміз деп ойлаймыз, бірақ оны іс жүзінде қолдану мүлде басқа екен. Бүгін жүргізуші рөлінде отырып, жаяу жүргіншінің бір қателігі үлкен апатқа әкелуі мүмкін екенін сезіндім. Мұндай сабақтар жиі өтсе, жастардың жауапкершілігі артар еді, – дейді.
– Бұл тәжірибелік сабақты облыстық білім басқармасының ғылыми-тәжірибелік орталығымен бірлесіп өткізіп отырмыз. Оқушылардың жауапкершілігін арттырып, әркім өз рөлін орындау барысында жолдағы тәртіп пен қауіпсіздіктің маңызын тереңірек түсінсін деген мақсатта жұмыс істедік. Жол-көлік оқиғасының көрінісін көрсету оқушыларға үлкен әсер қалдырып, қауіптің қаншалықты шынайы екенін түсіндірді деп ойлаймын. Олар жол ережесін сақтамаудың салдары қандай болатынын көзбен көріп, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды үйренеді, – дейді облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Зере Бекежан.
Медет ЖҰМАБАЙ





