Қазақстанның еңбек нарығына жүргізіліп жатқан зерттеулер нәтижесі жаңа үрдістерді айқындап отыр. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– 2025 жылы QS (Quacquarelli Symonds) компаниясымен бірлескен зерттеуді бастадық, сондай-ақ тек талдап қана қоймай, экономиканың қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік беретін HolonIQ платформасы енгізіліп жатыр. Осының нәтижесінде біз алғаш рет: халықаралық таксономия негізіндегі жұмыспен қамтудың толық көрінісін; тапшы құзыреттердің нақты сипатын; болашақ кәсіптерге қатысты болжамды алдық, – деді министр.
Министрдің айтуынша, талдау қорытындысы бойынша қазіргі таңда төрт бағытқа сұраныс айрықша жоғары. Олар деректермен жұмыс істеу, машиналық оқыту, цифрлық инженерия және киберқауіпсіздік салалары. Аталған бағыттар цифрландыру үдерісінің жеделдеуімен тікелей байланысты болып отыр.
Сонымен қатар, еңбек нарығында жаңа форматтағы мамандықтар қалыптаса бастағаны байқалады. Яғни салалық білім мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктіретін гибридті кәсіптерге қажеттілік артып келеді. Мұндай мамандар бір мезетте бірнеше бағытты меңгеріп, технология мен нақты өндіріс немесе қызмет көрсету саласының тоғысында жұмыс істейді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасып, жоғары оқу орындары мен білім беру бағдарламаларына жаңа талап қояды. Осыған байланысты мамандарды даярлау жүйесін еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімдеу өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
– Талдау Қазақстанда бүгінгі таңда жеткілікті маман даярланбай отырған аса маңызды кәсіптердің сегіз кластерін айқындады. Олар: озық өндіріс, цифрлық технологиялар, таза энергетика, қаржылық қызметтер, өмір туралы ғылымдар, қорғаныс саласы, креативті индустриялар, кәсіби қызметтер, – деді Саясат Нұрбек





