Бүгін Парламент Мәжілісінде жоғары білімді кадрларды даярлау мәселесіне арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева еңбек нарығындағы бірқатар жүйелі түйткілдерді атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жоғары білім беру жүйесінің алдында бірқатар өзекті мәселе бар. Біріншіден, еңбек нарығының қажеттіліктерін ұзақ мерзімді болжаудың жоқтығы. Университет түлектерінің әрбір үшіншісі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Еңбек нарығындағы сұраныс мемлекеттік білім беру тапсырысы түзетілгеннен әлдеқайда жылдам өзгеріп жатыр, бұл бір мамандықтар бойынша артық даярлауға, ал басқалары бойынша тапшылыққа әкеледі, – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, қазіргі жоғары білім беру жүйесі еңбек нарығында жүріп жатқан трансформация қарқынына толық ілесе алмай отыр. Соның салдарынан университет түлектерінің алған білім-білігі мен жұмыс берушілердің нақты талаптары арасында алшақтық сақталып келеді.
Депутаттың пікірінше, бұл жағдай кадр даярлау сапасына ғана емес, жалпы экономиканың тиімділігіне де әсер етеді. Себебі еңбек нарығында сұраныс өзгеріп жатқанымен, білім беру бағдарламалары кей жағдайда сол өзгерістерді кешігіп қабылдайды.
Бұл мәселені жаһандық технологиялық өзгерістер де күшейтіп отыр. Бұған дейін жарияланған болжамдарға сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп түрі немесе еңбек нарығының шамамен 44 пайызы (яғни 4 миллионға жуық жұмыс орны) жасанды интеллект пен автоматтандырудың ықпалымен айтарлықтай өзгеріске ұшырауы мүмкін.





