Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында экономиканы қолдау және ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысын қарады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиында қордың 2026 жылғы бірінші тоқсандағы өндірістік және қаржылық көрсеткіштері талқыланды. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, есепті кезеңде қор кірісі 8%-ға, ал таза пайда 93%-ға артқан. Негізгі өндірістік көрсеткіштер толық орындалған.
Сәуір айында қор Қытайдың ішкі нарығында көлемі 3 млрд юань болатын дебюттік панда-облигацияларды сәтті орналастырды. Орналастыру мерзімі – 3 жыл, кірістілігі – жылдық 2,18%. Бұл – қарыз тартудың рекордтық төмен деңгейі және халықаралық нарықтың қазақстандық қорға деген сенімін көрсетеді. Тартылған қаражат көлік-логистика, инфрақұрылым және басқа да инвестициялық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.
Есепті кезеңде бірқатар халықаралық келісімдерге қол қойылды. Атап айтқанда, «Тау-Кен Самұрық» АҚ мен Руанданың Ngali Holdings компаниясы арасында негізгі шарттар жөніндегі келісім жасалды. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС мен Әзербайжанның AZCON компаниясы Қазақстан және Әзербайжан порттарында су түбін тереңдету жобасы бойынша акционерлік келісімге келді.
Президент тапсырмалары аясында жалпы құны 38,6 трлн теңгені құрайтын мұнай-газ, мұнай-химия, энергетика, көлік-логистика және тау-кен салаларындағы 64 ірі инвестициялық жобаға ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда 41 жоба бойынша EPC және құрылыс-монтаж келісімшарттары жасалған. Оның ішінде 33 жобада құрылыс жұмыстары басталған.
Наурыз айында Жамбыл және Павлодар облыстарында қуаты әрқайсысы 1 ГВт болатын екі жел электр стансасының құрылысы басталды. Бұл жобалар «жасыл» энергетиканы дамытуға және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ «Бутадиен» мұнай-химия жобасы бойынша Sinopec Guangzhou Engineering компаниясымен EPC-келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстарын мамыр айында бастау жоспарланған.
Қазіргі уақытта 6 инвестициялық жоба жобалау кезеңінде, ал 17 жоба инвестиция салу алдындағы сатыда тұр.
Жиында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы және Атырау облысындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын дамыту мәселелері де қаралды. Бұл жобалар көмірсутек шикізатын терең өңдеу өндірістерін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар геологиялық барлау саласында жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін «Тау-Кен Самұрық» жобасының маңызы атап өтілді.
Жиын қорытындысында Премьер-министр қор басшылығына барлық жобалар бойынша бақылауды күшейтіп, оларды іске асыру барысында тауарлар, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды.





