Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара өткізілгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Министрдің айтуынша, осы кезеңде ел аумағында 2 миллион тоннаға жуық қоқыс жиналып, 5,5 миллионға тарта ағаш отырғызылған.
Жыл сайын аталған экологиялық бастамаға 6,5 миллион адам қатысады. Олардың ішінде 780 мыңға жуық волонтер бар.
Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев 2021–2025 жылдар аралығында орман қорын толықтыру мақсатында 1 миллион гектардан астам аумаққа 1 648,4 миллион түп көшет егілгенін атап өтті. Елді мекендерді көгалдандыру бағытында соңғы бес жылда 18,4 миллион ағаш отырғызылған.
Алдағы уақытта республика бойынша жалпы аумағы 1 760 мың гектарды қамтитын 46 экологиялық аймақ құру жоспарланып отыр.
Іс-шара барысында бірнеше өңірден бейнебайланыс ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығынан облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен эковолонтер Аида Мақанбай, Батыс Қазақстан облысынан Жайық жағалауынан өңір әкімі Нариман Төреғалиев пен экобелсенді Нұрсұлтан Сәрсенбаев, Шығыс Қазақстан облысынан облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, сондай-ақ Павлодар облысындағы Баянауыл өңірінен әкім Асайын Байханов пен «Жасыл ел» облыстық штабының жетекшісі Русана Сулаймонова қосылып, өңірлердегі экологиялық жұмыстар туралы ақпарат берді.





