Соңғы жылдары ет пен сүт арқылы адамға жұғатын ауру түрлері тіркеліп, халық денсаулығын қорғау, мал өнімдерін тұтынуда ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптары ветеринариялық бақылау жүйесін жетілдіруді қажет етті. Соның нәтижесінде елімізде ветеринариялық қызметтің жаңартылған жүйесі қалыптасты. 2011 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті құрылып, облыстар мен аудандарда аумақтық инспекциялар ашылды.
Осы жылдан бастап Жаркент өңірінде де ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Панфилов аудандық аумақтық инспекциясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Инспекция жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу, диагностика жүргізу, жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы қызметін бақылау, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын қадағалау, сондай-ақ, жануарлар мен адам денсаулығына қауіп төндіретін нысандарды залалсыздандыру және жою жұмыстарын жүзеге асырады. Сонымен бірге тасымалданатын мал мен мал өнімдерін экспорттауға, импорттауға және транзиттеуге рұқсат береді.
Мекемені Төреби Жақыбаев басқарады. Мұнда бас мамандар Еламан Ажынұров, Заңғар Нұрғисаев, Бақберген Таукеев, Кәмшат Тұралы сияқты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар еңбек етеді. Барлығы да жоғары білімді, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын тәжірибелі мамандар.
Бұрын өңірдегі ауылдық округтерде ашылған мал сою алаңдарының басым бөлігі тұрақты жұмыс істей алмады. Қазір Панфилов ауданында екі мал сою орны ғана жұмыс істеп тұр. Оның бірі – Жаркент қаласындағы Талғат Қадыровқа тиесілі «БМ мал өнімдері» пункті, екіншісі – Бірлік ауылдық округіне қарасты Ақкент ауылындағы Мария Сағымбекованың жеке шаруа қожалығының мал сою алаңы. Бұл орындарға ветеринариялық тексеруден өтіп, союға рұқсат берілген малдар ғана жеткізіледі.
«БМ мал өнімдері» ЖШС-ның мал сою пунктіне интернет желісі тартылған. Аудандық ветеринариялық зертхана мамандары келісімшарт негізінде жылжымалы мобильді зертхана арқылы тұрақты сараптама жүргізеді. Ал Жаркент қаласындағы орталық базарда М. Тойбағарова жетекшілік ететін «Азияветсервис» ЖШС күнделікті сатылымға шығарылған мал өнімдерін, әсіресе етті тұрақты тексеріп отырады.
Қазір Жаркент қаласының орталық базарында бір ет павильоны және аудан орталығының әр тұсында орналасқан 13 ірілі-ұсақ мал өнімдерін сататын дүкен бар. Өткен жылы осы орындар мен қатар, ветеринариялық-санитариялық сараптау модулі арқылы сойылып, сатылатын және экспортталатын ірі қара, ұсақ мал, жылқы түгелдей тексеруден өткізілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жануарларының өнімдерін сатумен айналысатын 54 тұлғаға ескерту берілген.
Инспекция жұмысының маңызды бағытының бірі – аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу. Осы мақсатта профилактикалық іс-шаралар жүйелі атқарылады. Өткен жылы аудандағы мал басына қауіпті жұқпалы аурулардың 10 түріне қарсы екпе жүргізілді. Атап айтқанда, туберкулинге, құтырыққа, обаға, топалаңға, күлге, қарасанға, аусылға, пастереллезге, сібір жарасына, түйінді дерматитке қарсы егу жоспары 100 пайыз орындалған.
Алайда жүргізілген егу жұмыстарының АШЖБ ақпараттық жүйесіне енгізілуін талдау кезінде жоспардан артық не кем енгізу, бір малға екі рет егілді деп қате тіркеу деректері анықталған. Осыған байланысты профилактикалық бақылау және қадағалау шаралары жүргізіліп, аудандық ветеринариялық станса директорына 2 ұсыным берілген.
Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп рейдтік және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, соның нәтижесінде ветеринариялық талаптарды бұзудың бірнеше дерегі анықталды. Атап айтқанда, ветеринариялық құжатсыз мал тасымалдау, ішкі сауда нысандарында талаптарды сақтамау, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірмеу, сондай-ақ, дерекқор мен ветеринариялық анықтамаларға қатысты заң бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға айыппұл салынып, тиісті шаралар қолданылды.
Мекеме басшысы Төреби Базарханұлының айтуынша, инспекция тұрғындарды маңызды мәселелерден дер кезінде хабардар етіп, бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызмет көрсету, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жануарлардың аса қауіпті аурулары, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру және ветеринариялық-профилактикалық шаралар жөнінде тұрақты ақпарат беріліп келеді. Сонымен қатар, «Қызмет лайф» пен «Жетісу адалдық алаңы» жобалары аясында тікелей эфирлер мен бейнематериалдар ұсынылды. Жергілікті басылымдарда да ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру және эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету міндеттері туралы сараптамалық мақалалар жарияланды.
Инспекция есебінде аудан аумағында сібір жарасының 28 ошағы мен 16 көміндісі бар. Сонымен қатар, өңірде 6 типтік үлгідегі мал қорымы орналасқан. Қазір олардың құжаттарын рәсімдеп, жергілікті әкімдіктердің теңгеріміне өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Эпизоотиялық ахуалды ескере отырып, тасымалданатын нысандардың экспортына, импортына және транзитіне 42 рұқсат берілген. Жыл басынан бері мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау нысандарына 80 өтініш түсіп, барлығы қаралған. Соның 73-іне ветеринариялық-санитариялық қорытынды берілсе, 7 өтінішке мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді түрде бас тартылған. Өткен жылы жалпы 218 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Соңында аудандар мен қалалардағы ветеринариялық пункттердің арнайы көлікпен, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілгенін айтуға болады. Жыл сайын республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жануарларға жұқпалы ауруларға қарсы екпе егіліп, қан сынамалары зерттелуде. Бұл – ветеринария жүйесінің алдағы уақытта да жетілдіріле беретінін көрсетеді.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы





