Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов АҚШ-тың Air Products компаниясының Еуропа және Африка өңірлері бойынша президенті Иво Болспен кездесу өткізді. Кездесу барысында өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, озық технологияларды енгізу және газ химиясы саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Air Products – әлемнің 50-ден астам елінде қызмет ететін газ индустриясының халықаралық көшбасшыларының бірі. Компания өнеркәсіптік газдар, сутегі энергетикасы және технологиялық шешімдер саласында ірі жобаларды жүзеге асырып келеді.
Келіссөздер барысында газ химиясы, көмір химиясы және сутегі энергетикасы бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар отандық металлургия өндірістерінің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік процестерді жаңғырту мәселелері көтерілді.
Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстанның жаңа сапалы экономикаға кезең-кезеңімен өтіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елдің негізгі басымдықтары – технологиялық жаңғырту, технологиялар трансфері және заманауи өндірістерді қалыптастыру.
«Біз жетекші халықаралық компаниялармен серіктестікке үлкен мән береміз және озық технологияларды дамыту бағытындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа әрдайым ашықпыз. Қазақстан айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие және жаңа индустриялық салаларды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді», – деді Премьер-министр.
Өз кезегінде Иво Болс Қазақстанмен әріптестікті кеңейтуге және экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Самұрық-Қазына ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасына Air Products компаниясымен келешегі зор бірлескен жобаларды нақты пысықтау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.





