Облыста экономиканы технологиялық жаңғыртудың белсенді кезеңі жалғасуда.
Инновациялар тиімділікті арттыру үшін іргетасқа айналатын өнеркәсіп секторына ерекше назар аударылады. Бұл үдерісте «Jetisu Digital» аймақтық IT хабының рөлі зор, ол жасанды интеллект, GovTech, медицина және цифрлық білім беру сияқты стратегиялық бағыттардағы стартап-жобаларға жетекшілік етеді.
IT саласы дамып жатқанда, аймақтағы алпауыт өнеркәсіп орындары индустрия 4.0 элементтерін белсенді қолдануда. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, «Қайнар АКБ» ЖШС былтыр өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын жаңа желіні жаңғыртып, іске қосумен қатар, қойманы автоматтандыру, құрастыру желісін оңтайландыру, лазерлік таңбалау және жұмыс уақытын есепке алу жүйелерін енгізді.
«Метакон» ЖШС металды лазермен кесу және металл конструкцияларын роботтық дәнекерлеу, ал «Алацем» ЖШС — робот-паллетайзері бар орау цехын іске қосты. Сондай-ақ, газ блоктарын өндіретін «Стальбетон» ЖШС зауыты іске қосылды. Мұнда қоспаны дайындаудан бастап кесу және орауға дейінгі толық автоматтандырылған үдеріс қолданылады.
– Өнеркәсіп үшін заманауи инновациялық шешімдерді енгізу өте маңызды. Бұл шығындарды айтарлықтай азайтуға, өндірістік үдерістің дәлдігін арттыруға және кәсіпорындардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді сала жетекшісі Серік Сәбетұлы.
Өңірде инновацияларды жүй-елі қолдау мақсатында өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі ғылыми кеңес құрылды. Оның құрамына жоғары оқу орындары, колледждер, бизнес құрылымдар және кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді. Кеңес қызметін үйлестіруді әкімдіктің салалық бөлімшесі атқарады, осылайша ғылыми жаңалықтар мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтады.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





