Жасанды интеллект саласындағы бәсекелестік жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде қолданушылар арасында ChatGPT-ден кейінгі ең танымал құралдардың бірі Claude нейрожелісі болып отыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл технология тек мәтін жазумен шектелмейді. Қажет болса, жүздеген бет құжаттарды талдап береді, күрделі код жазады, кестелермен жұмыс істейді, тіпті Mac компьютерін дербес басқаруға да қабілетті. Осы мүмкіндіктері арқылы Claude нарықтағы өзге алпауыттарға айтарлықтай қысым көрсетіп келеді.
Claude – Anthropic компаниясы жасаған үлкен тілдік модельдер тобы. Бұл стартапты кезінде OpenAI-де жұмыс істеген мамандар құрған. Олар жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты көзқарас айырмашылығынан кейін бөлек кетуді жөн көріп, нейрожелінің жаңа түрін жасап шығарды.
Компанияның басты ерекшелігі «Constitutional AI» деп аталатын тәсілде жатыр. Мағынасы қарапайым: модель тек деректерге ғана емес, арнайы бекітілген этикалық принциптерге сүйене отырып жауап береді. Нәтижесінде Claude жалған ақпаратқа жиі бой алдырмай, өз міндетін мейлінше жауапты атқарады.
Claude – мультимодальды модель. Ол бір уақытта шамамен 500-700 бетке тең мәтінді «оқып», нақты қорытынды шығара алады. Бұл ақпараттық талдаумен айналысатын мамандар үшін таптырмас көмекші. Сонымен қатар модель бағдарламалау саласында да үздік нәтиже көрсетіп отыр. Код жазу, оны түзету және қателерді табу деңгейі бойынша ол кейбір көрсеткіштерде бәсекелестерінен озып кеткен.
Модельдің тағы бір артықшылығы түрлі сервистермен интеграция жасауында. Ол Google Workspace, Microsoft Office, Notion және Slack сияқты платформалармен бірлесіп жұмыс істей алады. Осылайша оны жай ғана чат-бот емес, кәсіби жұмыс құралы ретінде қолдану мүмкіндігі туады.
Claude, Gemini, әлде ChatGPT – қайсысы мықты?
Сарапшылардың пікірінше, бұған біржақты жауап беру қиын, себебі әр модельдің өз мықты тұсы бар. Мәселен, үлкен мәтіндерді талдауда Claude алда тұр. Ал ChatGPT экожүйесінің дамуы мен қосымша құралдардың көптігімен ерекшеленеді. Gemini болса, Google қызметтерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, мультимодальдылыққа басымдық береді.
Мәтін сапасына келсек, қолданушылар Claude-тың жазу стилі табиғи әрі адам тіліне жақын екенін жиі айтады. Егер ChatGPT жауаптары кейде шаблонға ұқсап жатса, Claude еркін стильді жақсы меңгерген.
Қазіргі уақытта Claude бірнеше тарифтік жоспар ұсынады:
-
Тегін нұсқасы (мүмкіндіктері шектеулі);
-
Claude Pro – айына 20 доллар;
-
Claude Max және Enterprise – бизнеске арналған арнайы пакеттер.
Anthropic компаниясы қарқынды өсіп, инвесторлардың зор сеніміне ие болып отыр. Жасанды интеллект қауіпсіздігіне қатысты пікірталастар толастамаса да, Claude бүгінде әлемдегі ең ақылды әрі сенімді ЖИ жобаларының бірі саналады.
Егер сіз де жұмысыңызды жеңілдетіп, цифрлық технологияларды тиімді қолданғыңыз келсе, Claude мүмкіндіктерін тексеріп көруге кеңес береміз.





