Мектеп қабырғасында оқушылардың ұялы телефон пайдалануына қатысты талаптар күшейтілуі мүмкін, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев білім беру мекемелерінде смартфондарды қолдануға заңнамалық деңгейде шектеу қоюды ұсынды. Депутаттың пікірінше, гаджеттер оқу процесіне айтарлықтай кедергі келтіріп қана қоймай, балалардың әлеуметтенуіне де кері әсерін тигізеді. Қазіргі таңда оқушылар үзіліс кезінде құрбы-құрдастарымен тілдесудің орнына, виртуалды әлемге үңілуді жөн көреді. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы тікелей қарым-қатынас дағдыларының төмендеуіне әкеп соқтыруда.
Сонымен қатар, халық қалаулысы педагогтардың мәртебесі мен қауіпсіздігі мәселесін де қозғады. Көптеген мұғалімдер өз сөздерінің немесе іс-әрекеттерінің рұқсатсыз видеоға жазылып, желіге тарап кетуінен қауіптенеді. Мұндай қысым ұстаздардың сабақты еркін жүргізуіне және оқушылармен ашық диалог орнатуына кедергі келтіреді.
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бұл мәселенің әлемдік деңгейде өзекті екенін растады. Дегенмен, министрлік түбегейлі тыйым салуға әзірге асықпайды. Бүгінде әр мектеп ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес бұл мәселені өзінше реттеп отыр. Мамандардың айтуынша, заманауи білім беру жүйесінде цифрлық құралдарды мүлдем алып тастау мүмкін емес, себебі кейбір тапсырмалар арнайы қосымшалар мен интернет ресурстарын қолдануды талап етеді.
Министрлік алдағы уақытта барлық білім ордаларына ортақ ережелер жиынтығын әзірлеуді жоспарлап отыр. Жаңа құжатта тек шектеулер ғана емес, сонымен бірге балалардың «цифрлық гигиенасы» мен желідегі қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Бұл қадам оқушылардың назарын сабаққа аударуға және мектеп ішіндегі тәртіпті жақсартуға мүмкіндік береді.
Бұл бастама қоғамда қызу талқыға түсуде. Бір тарап баланың қауіпсіздігі үшін ата-анамен байланыста болуы маңызды десе, екінші тарап сапалы білім мен шынайы араласу үшін телефоннан бас тарту қажет деп есептейді.





