Шын мәнінде мың өліп, мың тірілген халқымыздың басынан небір зұлматтың өткені белгілі. Сондай қанды қырғынның бірі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары болған ашаршылық алапаты. Бір айға немесе бір жылға ғана емес, бірнеше жылға созылып, халқымыздың жартысынан астамын (кейбір деректерде үштен екісін) жалмаған бұл нәубеттің зардабы көп ретте атышулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» да асып кеткен деуге болады. Тек бұл жолғы жау сырттан келген ата дұшпан емес, іштен шыққан алашұбар жылан – қанқұйлы қызыл империяның сұмдық саясаты болатын.
Қолдағы малы мен құрал-сайман атаулының бәрін ортақ меншікке – мойынсерікке өткізген шаруалардың жағдайы күрт ауырлап кетті. Бұған ауа райының қолайсыздығы қосылып, бірнеше жыл қатарынан егін шықпай қалды. Нақ осы кезде кейіннен Ашаршылық алапаты атанған сұмдық жағдай орын алды.
Талдықорған қаласындағы іргелі оқу орны – Мағжан Жұмабаев атындағы №19 орта мектеп-гимназиясында өткен «Өзекті өртеген шындық» атты танымдық шара барысында тарихымыздағы осы бір ауыр кезең қаз қалпында көз алдымыздан өткендей болды. «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған бұл шараның белортасынан сол бағдарлама бойынша жемісті жұмыстар атқарып жүрген ардагерлер де табылды.
Мектеп-гимназияның ауласында сол бір кезеңнің сұмдық көріністері ашылды. Арып-ашып әбден жүдеген адамдар әлдебір үміт жетектеп ілби басып келеді. Әл-дәрмені біткендері сүрініп құлап та жатыр. Бөбегімді қайтсем аман алып қаламын деп жанұшырған ана, шырылдаған бала… Айналада шашылып жатқан адам сүйектері, құлаған жерлерінде қимылсыз қалып бара жатқан жас пен кәрі…
Мектептің кіреберісінде де сол орайдағы көріністер: бидай сабанының арасынан талғажау боларлық дән іздеп далбасалаған адамдар… Аштықтан көзі қарауытып кеткендіктен туған ұлын да құрбандыққа шалып жіберген бейбақ әке…
Театрландырылған көріністі қоюшылар назарынан ел тағдырына жандары күйзеліп Сталинге хат жолдаған бес арыс пен Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов тәрізді қайраткерлер де қағыс қалмапты. Халқының қайғы-қасіретінен қарақан басының қамын биік қойып, ОГПУ (БМСБ) жендеттеріне әрбір сыбыр-күбірге дейін жеткізіп отырған жандайшаптар да ара-тұра көрініс береді.
Мұндай жан толқытар көріністерді мектептегі «Мағжан ізбасарлары» театрының жас әртістері көз алдыға келтірді. Келесі кезекте көпшілік ашаршылық пен 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алды. Тарихи-танымдық шараға «Тәуелсіз елдің ұланымыз» атты жас ұландар шеруімен нүкте қойылды.
Құрметті қонақ ретінде қатысқан ардагерлер мектептегі Тәуелсіздік залы мен Дарындылар аллеясын, басқа да тәрбиелік маңызы зор орындарды аралап, оқу орны жетістіктерімен танысып шықты. Мектеп директоры Қарлығаш Замзина жаңағыдай жетістіктермен қатар осы күнгі тәлімі мол шара жайында да жан-жақты айтып өтті.
Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков мектептің ұстаздар қауымына әсерлі шара ұйымдастырғандары үшін алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Жетісудың» ардагер журналисі





