7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бұл – ел шебін күзеткен ерлер мен иық тіресе қызмет атқарып жүрген жауынгерлерге көрсетілер құрметтің, берілер бағаның биік белесі. Ел тыныштығы мен жұрт амандығын күзету – әскери міндеттен бөлек, ұлттың рухани тірегін сақтауға бағытталған үлкен жауапкершілік. Осындай жауапкершілікті арқалап жүрген жас әскери отбасы – Балжан Сайранова мен Жасұлан Кайруллаев.
Балжан Нұржанқызы 1999 жылы Жетісу облысы, Алакөл ауданының Көлбай ауылында дүниеге келген. Үш перзенттің ортаншысы. Ерте жастан еңбек мен тәртіпке бейімделіп өсті. Білімге деген құштарлық оны Талдықорған қаласындағы №11 орта мектепті ойдағыдай тамамдауға жетелеп, әрі қарай жоғары білімге ұмтылдырды. Жоғарғы оқуды Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде педагогика және психология бағытында білім алып, бакалавр әрі магистр дәрежесін иеленді.
Кәсіби жолын 2023 жылдың қаңтарынан бастап 5514 әскери бөлімінде жалғастырып келеді. Қазіргі қызметі – тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі, психолог. Оның күнделікті еңбегі әскери қызметшілердің рухани беріктігін қалыптастыруға, моральдық-психологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған. Әскердегі ішкі тәртіп пен жауынгерлік рухтың мықты болуы, осындай мамандардың табанды еңбегінің нәтижесі.
Ал Жасұлан Кайруллаев 1997 жылы Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Төрт ағайынды отбасында өскен. Әскери жолды саналы түрде таңдап, 2015 жылы Түркия Республикасының Анкара қаласындағы құрлық әскерлері әскери академиясына оқуға түседі. Бес жылдық білім белесін 2020 жылы лейтенант шенімен аяқтап, елге оралады.
Алғашқы қызметін Батыс өңірлік қолбасшылығына қарасты бөлімдерде взвод командирі ретінде бастап, тәжірибе жинақтайды. 2023 жылы 5514 әскери бөліміне радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау қызметінің бастығы лауазымына тағайындалады. Бүгінде капитан шеніндегі офицер ретінде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Оның кәсіби дайындығы мен табандылығы – әскери құрылымдағы сенімді кадрдың айқын көрінісі.
Екі жас тағдыр тоғысын қызмет барысында табыстырып, 2024 жылы шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда бір қыз тәрбиелеп отырған ата-ана. Отбасы ішіндегі түсіністік пен өзара құрмет олардың қызметтегі табысының да негізі. Әскери өмірдің қатаң тәртібі мен жоғары талаптары бұл шаңырақтың іргесін бекемдей түскен.
Бұл әулеттің ел қорғау ісіне қосқан үлесі тек осы екеуімен шектелмейді. Балжанның сіңілісі Маржан Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты Парашюттік даярлық орталығында қызмет етеді. Ол халықаралық деңгейдегі дайындықтар мен жарыстарда бақ сынап, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ал Жасұланның ағасы Арман ұзақ жылдар бойы Арал қаласындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс ротасында келісімшарт негізінде қызмет атқарған.
Бір әулеттің бірнеше мүшесінің әскери салада еңбек етуі – ұрпақ бойындағы отансүйгіштік қасиеттің терең тамыр жайғанының айғағы. Мұндай отбасылар елдің қорғаныс қабілетін нығайтып қана қоймай, жас буынға бағыт-бағдар беретін өнеге мектебіне айналады.
Отан қорғаушылар күні қарсаңында осындай жас әрі өнегелі әскери отбасылар – мемлекет мақтанышы. Олар адал қызметі, кәсіби білігі, отбасылық құндылықтарға беріктігі арқылы қоғамда биік үлгі қалыптастырып отыр.
«Жетісу-Ақпарат»





