Бүгін қазақ киносы мен театрының аңызы, актер, режиссер, профессор Асанәлі Әшімов 89 жасқа толды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Асанәлі Әшімов 1937 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданында дүниеге келген. Ол 1956-1961 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша білім алған. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында профессор ретінде шәкірт тәрбиеледі. Сонымен қатар бірнеше кітаптың авторы.
Өнер иесінің шығармашылық жолы қазақ киносы мен театрының алтын қорымен тығыз байланысты. 1961 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етсе, 1964 жылдан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері болды.
Асанәлі Әшімов сомдаған образдар қазақ өнерінің классикалық кейіпкерлеріне айналды. Ол «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Жаушы», «Ботагөз», «Асау Ертіс жағасында», «Ұшы-қиырсыз жол» сынды фильмдерде басты рөлдерді орындады.
Театр сахнасында да жарқын бейнелерімен есте қалды. Атап айтқанда, «Абай» спектаклінде – Абайды, «Еңлік-Кебекте» – Кебекті, «Қарақыпшақ Қобыландыда» – Шуақты, «Қан мен терде» – Еламанды сомдады.
Актерлікпен қатар режиссерлік қырынан да танылды. Ол Н.Гогольдің «Ревизор», Ғ.Мүсіреповтің «Амангелді», Н.Оразалиннің «Мен ішпеген у бар ма?», Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» спектакльдерін сахналады. Сонымен бірге «Шоқан Уәлиханов», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдерін түсірді.
Өнер майталманының еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол – Қазақстанның Еңбек Ері, «Отан», «Парасат», І дәрежелі «Достық», «Құрмет» ордендерінің иегері. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және бірқатар мерейтойлық медальдармен марапатталған.
Асанәлі Әшімов – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі.





