Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Ақсу ауданындағы 62 тыл ардагеріне құрмет көрсетілді. Бұл – ел басына күн туған шақта майдан даласында болмаса да, тылда тынымсыз еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан жандарға деген шынайы тағзымның көрінісі.
Сұрапыл соғыс жылдарында тыл ардагерлері күндіз-түні аянбай жұмыс істеп, майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, киім-кешекпен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Олардың төзімі мен табандылығы, елге деген адалдығы бүгінгі бейбіт өмірдің негізіне айналды.
Мереке қарсаңында Ақсу ауданына қарасты ауылдардың медицина қызметкерлері ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, денсаулық жағдайларын тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсетті. Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, сый-сияпат табыстады. Ақ халатты абзал жандардың бұл қамқорлығы ардагерлердің көңіліне жылулық сыйлап, ақ баталары мен шынайы алғыстарына бөледі.
Тыл ардагерлерінің ерлігі – үнсіз ерлік. Олардың қажырлы еңбегі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді. Ардагерге көрсетілген құрмет – тарихқа тағзым, елдікке деген құрмет.
Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ





