Жетісу облысында полиция қызметкеріне күш қолданған ер адамға сот үкімі шықты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оқиға Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласында болған. Тергеу мәліметінше, учаскелік полиция инспекторы «102» арнасына түскен шақырту бойынша оқиға орнына барған. Алайда тұрғын заң талаптарына бағынудың орнына агрессия танытып, полиция қызметкеріне шабуыл жасаған.
Сот материалдарына сәйкес, ер адам полицейдің бетінен ұрып, қызметтік бейнежетонын жұлып алған және погонын зақымдаған.
Мемлекеттік айыптаушы сот барысында айыпталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті дәлелдер ұсынған. Нәтижесінде сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар, сотталған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өндірілген.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.





