Жетісу облысында полицейлер синтетикалық есірткіні сақтау және тарату фактісінің жолын кесіп, күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«102» арнасына көпқабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы подъезде бойжеткеннің тұрғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы дереу барған.
Тексеру барысында 20 жастағы қыздың мінез-құлқынан күмәнді белгілер байқалған. Полицейлер ықтимал қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында қажетті шараларды қабылдаған.
Шақырту бойынша жүргізілген жұмыс кезінде көпқабатты үйдің подъезінен изолентамен оралған 31 түйіншек табылып, тәркіленді. Сонымен қатар жалдамалы пәтерге жүргізілген тінту барысында екі аэрозольді баллон алынған.
Тергеу мәліметінше, күдікті биылғы сәуір айынан бастап Telegram мессенджері арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан. Сараптама қорытындысы тәркіленген заттардың «скорость» деп аталатын синтетикалық есірткі екенін көрсетті. Тәркіленген заттың жалпы салмағы 14 грамнан асқан.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес оған мүлкін тәркілей отырып, бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.





