Ғылым-білім жетілген уақытқа дейін өмір сүрген адамзат баласының танымы мен түйсігі арқылы қабылданып келген құндылықтың бәрі шындықтан алшақ жатыр ма? Көбіне аспан денелеріне зер салу арқылы қабылданған шешімдер мен кесімдер, тұжырым-түсініктер бүгінде өз мөлшерінен ауытқи қойған жоқ. Ғылым жетпей тұрып-ақ дәстүрлі ұстанымымен әлемдік ілім-білімді түпсанасына қондырған түркі жұртының ішіндегі қазақ халқы: «Ай қораланса қар не жауын жауады», «Күн құлақтанып батса боран не аяз тұрады», «Ай шалқалап туса малға жайсыз тиеді» деп келер күнін күмәнсіз жорамалдаған. Осы тақылеттес мың сан түсінікке мән берсек, қазақ салт-дәстүріндегі ұғымдардың дені ғылыми еңбекпен пара-пар екенін мойындайсыз.
Көне ғылым болып саналатын астрономиядан бөлек аспан денелерін, табиғаттың жай-күйін, тылсымдар мен кеңістік жөнінде нақты хабар беретін астрофизика, астрогеология, ғарыштық биотехнология секілді ілімдер жүйеленді. Десек те сонау ықылым заманның өзінде-ақ табиғатпен тұтаса тіршілік кешкен қазақтың жады ғарыштық, табиғи түсініктерге бейім еді. Оны мезгіл мен алдағы уақытты болжайтын қазақтың мыңжылдықтан келе жатқан жорамалдары арқылы бір дәлелдесек, екіншіден, Аристотель, Платон секілді данышпандар заңдылығына «Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс?» деп трактат жазған әл-Фараби бабамыздың зор еңбегін алға тартар едік.
Иә, қазақтың салтында, дәстүрінде сан ғылым тоғысқан. Бір ғана аспан мен жер туралы түсінікті тарқататын болсақ, жаратылыстанудан бастап өрісі кеңейген ғылымдық жүйенің дені мақұлдаған тұжырымдарға табан тірейміз. Біздің заманымызға дейін өмір сүрген бабаларымыздың таным түсінігінде «жеті қат жер», «жеті қат аспан» деген ұғым қалыптасқан. Ислам діні келмес бұрын айшықталған Алып Ер Тоңға, Күлтегін секілді байырғы жазбаларда да аспанның жеті қат екені немесе «көк», «зәу» секілді тіркестердің қолданылғанын байқаймыз. Ал дін асылын қабылдаған шақтан кейінгі түсінігіміздегі биіктік өлшемі жеті қат аспанмен теңестірілген.
Белгілі ақын, этнограф Қасымхан Бегманов жазған «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» 4 томдығында жазылған дәстүрге қатысты түсініктерді барынша негізге ала отырып, бұған дейінгі 30 циклдан тұратын мақалада кейбір атаулар мен тұжырымдарды, құндылықтарды парақтап-тарақтаған едік. Бүгін сөз болған аспан хақындағы толғамда «жеті қат аспан» мәселесінен бөлек рухани түсініктерді де, аспан мен жер жынысы тұрғысындағы ғалымдар мен этнографтардың ойларын да оқырманға рет-ретімен баяндағымыз келеді.
Алдымен аспан мен жердің жеті қат болуы туралы түсінікті әріден тарқатсақ, бұл әлемнің бірқатар еліне тән тұжырым. Аспан әлемі туралы жиі толғанып, үлкен еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев ғаламның үш не жеті сатыдан тұратыны көптеген елдің дүниетанымында ұшырасатынын тілге тиек етеді. Ол, әсіресе, ислам дінінде айқын көрсетілген, өзге діндерде де бар екенін айшықтай отырып: «Қазақтың көне ұғымында, әсіресе, ертегі, аңыздарында жер мен көкке байланысты 7, 9 сандары кездеседі. Әсіресе, жеті қат көк деген түсінік жиі қолданылады. Жеті қат көк – байырғы шығыс астрономдарының кеңінен қолданған термині», – дей келе мұндағы жеті саны «Жеті жұлдызға» сәйкес келетінін ашып айтқан. «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» кітабындағы кең көлемді сұхбатта бұл «Жеті жұлдыздың» Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл жұлдыз (Марс), Мүштәри (Юпитер) және Сатурн екенін де егжей-тегжейлі баяндаған.
Дәстүрімізді жаңғыртып, астрономиялық ілім хақында да түркілік түпсанаға байланысты ойларды айшықтап жүрген профессор Әбдеш Төлеубаевтың ғана емес, белгілі академик Сейіт Қасқабасовтың еңбегін оқысаңыз, аспан мен жер арасындағы кеңістікке қатысты толғамдарды, жер мен көктің жеті қаттан тұратыны жөніндегі ақпарларға ұшырасасыз. Ал құндылығымыздың дәстүр мен дін атты қос арнадан тұратынын еске сала отырып, Құран сөзіне мән берсек, Алладан түскен аяттарда аспан мен жердің алты күнде жаратылғаны, оларға таулардан тірек қойылғаны, қабаттарға бөлінгендігі айтылған. Бұл жөнінде Фуссиләт сүресінің алғашқы 15 аятында кеңінен баяндаған. Жаратушы жолдаған Құран аятына зер салсақ: «Сөйтіп, Ол (газ бұлты күйіндегі тұмандық) көкті екі күнде жеті қат көк етіп толық қалыптастырды да әр аспанға өз ісін білдіріп, аян берді. Содан Біз (жерге) ең жақын дүниенің аспанын шам-шырақтармен (жұлдыздармен) безендірдік һәм оны (сөгіліп, құлаудан әрі періштелердің сөзін есту үшін ұрланып тың тыңдайтын жын-шайтандардан) қорыдық. Міне, мұның бәрі Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Алим (шексіз ілім иесі) болған Алланың жазған», – деген аяттан (Фурсилләт сүресі, 12 аят) анық аңғаруға болады.
Ұлт пен ұлыстарға бөлінген адамзаттың ішінде табиғи түсінігі жоғары, тылсымға зер салған түркілердің танымында ислам діні өркениет жаймай тұрып-ақ мақұлданған дүниелердің болғанын біз терістей алмаймыз. Ол жұлдыздар мен Айға, аспанға қарап келер күнін болжау десек, ендігі бір дүние – Жаратушысын, Тәңірін көктен іздеу. Көкке қол созу, Айға сәлем беру, «Көк Тәңірі» деп атау, «Таң» мен «Ра» сөзінен тәңір атауы туды» деген секілді аңыз, мифтік мысалдардың бәрі біздің байырғы дәстүрімізбен біте қайнасқан ұғымдар.
Дәстүрдің қайнарынан қанып ішкен халықтың бүгінгі жастары үшін елеп-ескерер тағы бір түсінік бар. Ол – аспанды ерге, жерді әйелге теңеуі. Біз басты нысана еткен дәстүр тұрғысындағы кітаптарда ғалым, академик, этнографтар мұны егжей-тегжейлі баяндаған. Мәселен, Аспан мен Жер адамзат сияқты жынысқа бөлінетіні туралы толымды еңбек жазған профессор Әбдеш Төлеубаев: «Аспан ер адам кейпін білдіреді, себебі ол жоғарыда орналасқан. Ол өзінің жауын-шашынымен Жерге береке сыйлайды, оған нәр береді, оны ұрықтандырады. Қатқыл мінез де көрсетеді», – десе, келесі кезекте: «Жерде әйелдің, ананың қасиеті бар. Жер өмірге жаңа тіршілік сыйлайды, бүкіл жандыны қоректендіреді, ол өте мейірімді, жұмсақ, момақан. Қазақтар, әдетте «Көктен жаудыр, жерден өндір» деп тілек тілейді», – дей келе «Жер-Ана» деп толғану да адамзаттық жынысқа тән ерекшелік екенін атаусыз қалдырмаған.
Қазақтай кемеңгер халықтың дәстүріне қатысты осындай еңбектерді оқып, екшеп-елеп отырып біз де тосырқап әрі сүйсініп қалғанымызды жасыра алмаймыз. «Асқар тау», «Заңғар» деп әкені биіктетіп, ананы жер, көлге теңеудің астарында да Аспан мен Жер түсінігіне, жынысына байланысты қасиеттеу, ардақтау бар шығар деп те ойландық.
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ





