Қазақстанда кәмелетке толмағандарға буллинг пен кибербуллинг көрсетуге қатысты жауапкершілік күшейгелі бері құқықбұзушылық фактілері жиілеп тіркеле бастады. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы буллингке байланысты 272 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жаза 2024 жылдың маусым айынан бастап енгізілгенін мәлімдеді. Заң күшіне енген алғашқы жарты жыл ішінде 119 азамат жауапқа тартылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 272-ге жеткен.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, құқықбұзушылық санының артуы тек буллинг оқиғаларының көбеюін ғана емес, профилактикалық жұмыстардың күшеюін және мұндай жағдайларды анықтау деңгейінің өскенін де көрсетеді. Бұрын жасырын қалып келген психологиялық қысым, қорлау, мазақ ету, шеттету секілді әрекеттер қазір жиі жария болып, құзырлы органдардың назарына ілігуде.
Бүгінде елімізде буллингке ұшыраған балаларға көмек көрсету тетіктері кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Соның бірі – тәулік бойы жұмыс істейтін «111» байланыс орталығы. Мұнда балалар мен ата-аналар анонимді түрде хабарласып, психологиялық көмек пен кеңес ала алады. Сонымен қатар барлық мектептерде мамандармен жедел байланысуға арналған QR-кодтар орнатылған.
Қазіргі таңда республика бойынша 20 өңірде балалар мен ата-аналарға арналған психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Әр аймақта бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қызмет атқарады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқығын қорғаумен және құқықбұзушылықтардың алдын алумен айналысатын арнайы басқармалар құрылған.
Алайда салада шешімін күткен мәселелер де аз емес. Министрліктің мәліметінше, елімізде буллингтің нақты түрлері бойынша — психологиялық қысым, физикалық әлімжеттік немесе кибербуллинг бағытында жеке статистика әзірге жүргізілмейді. Психологиялық көмекке жүгінген балалардың жасы мен нақты саны бойынша да арнайы есеп жүйесі толық қалыптаспаған.
Соған қарамастан, 2025 жылы психологиялық көмек орталықтары 17 567 балаға қолдау көрсеткен. Бұл көрсеткіш балалар арасында психологиялық қысым мәселесінің әлі де өзекті екенін аңғартады.
Буллинг фактісі тіркелген жағдайда мектептердің әрекет ету алгоритмі де заңмен бекітілген. 2022 жылғы 21 желтоқсанда қабылданған №506 бұйрыққа сәйкес, мектеп әкімшілігі оқиға туралы ақпарат түскен сәттен бастап бірқатар шараны дереу қолға алуы тиіс.
Атап айтқанда, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары оқиғаға қатысушылар туралы мәлімет жинап, бір жұмыс күні ішінде буллингке ұшыраған оқушымен, әлімжеттік көрсеткен баламен және олардың ата-аналарымен жеке сөйлесуі қажет. Бұл кездесулерге психолог пен сынып жетекшісі де қатысады. Сонымен қатар жанжалды бейбіт жолмен шешу, қажет болса медициналық көмек ұйымдастыру және атқарылған жұмыстар туралы мектеп басшылығына есеп беру міндеттелген.
Мемлекет білім беру ұйымдарындағы психологиялық қолдау жүйесін күшейтуге де басымдық беріп отыр. Қазір ірі мектептерде педагог-психологтердің санын көбейту мәселесі қарастырылуда. Ал 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектеп психологтеріне қосымша сағаттар беру жоспарланған. Бұл мамандардың ерекше назарды қажет ететін балалармен жүйелі жұмыс жүргізуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мектеп психологтеріне арналған бірыңғай әдістемелік жинақ әзірленген. «Мектеп психологына көмек» атты нұсқаулықта 1–11 сынып оқушылары мен колледж студенттерінің психологиялық жағдайын анықтауға арналған 23 диагностикалық әдістеме енгізілген.
Министрлік мәліметінше, «буллинг» ұғымы ұлттық заңнамаға енгізілгеннен кейін елімізде ведомствоаралық профилактика жүйесі қалыптаса бастаған. Соның аясында педагогтердің әрекет ету алгоритмдері, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларды анықтау және қолдау көрсету ережелері, профилактика кеңестерінің жұмыс тәртібі сынды маңызды құжаттар қабылданған.
Мамандардың пікірінше, буллингпен күрес тек заңмен шектелмеуі тиіс. Бұл – мектеп, ата-ана және қоғам болып бірлесіп шешетін мәселе. Себебі балаға жасалған қысым кейде көзге көрінбегенімен, оның психологиясына ұзақ уақыт әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандар буллингтің алдын алуда ашық диалог, сенім және психологиялық қолдаудың рөлі ерекше екенін айтады.





