Анкара қаласында ұйымдастырылған «NAURYZ Fest II» мерекелік фестивалі қазақ халқының бай мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеген ауқымды рухани-мәдени шараға айналды. Ауа райының ерекшелігіне байланысты Наурыз Түркияның бас қаласында осы уақытта тойланады. Анадолыдағы қазақ жастарының бастамасымен өткен фестивальге Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі, Анкара университеті, Түрік Жастар Кеңесі және бірқатар халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Фестиваль бағдарламасы ұлттық дәстүр мен заманауи мәдениетті ұштастыра отырып, қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Шараға келген меймандарды ұлттық нақышта безендірілген алаңда қазақ халқының қонақжай дәстүрімен қарсы алды. Ашылу салтанатында ұйымдастырушылар Наурыз мерекесінің түркі халықтары үшін маңызына тоқталып, мұндай халықаралық форматтағы кездесулердің мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін атап өтті.
Одан кейін Қазақстан Елшілігінің өкілдері, Анкара университетінің басшылығы, Түрік Жастар Кеңесінің төрағасы Рамазан Изол және студенттік бірлестік жетекшілері сөз алып, жастар арасындағы ынтымақтастық пен мәдени сабақтастық туралы ойларын ортаға салды. Олар Наурыз мерекесінің тек көктемнің келуін емес, татулық пен бірліктің символын білдіретінін айтты.
Фестивальдің сахналық бағдарламасы да көпшілік көңілінен шықты. Ұлттық би қойылымдары, дәстүрлі әндер мен күй шертілді. Қазақ мәдениетін танытатын көріністер көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар жастардың шығармашылық өнері мен мәдени көрсетілімдері мерекенің мазмұнын байыта түсті.
Кешкі бөлімде фестиваль аясында арнайы жәрмеңке мен мәдени алаңдар ұйымдастырылды. Жәрмеңке бағдарламасында білім сайыстары, ұлттық ойындар, киіз үй тігу мен фотоаймақтар жұмыс істеді. Қонақтар қазақтың салт-дәстүрімен жақынырақ танысып, ұлттық ойындарға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Кешке концерттік бағдарлама басталып, сахнада ARSHAT, KUANYSHBEK NURGAZY және DAU сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Заманауи музыкалық бағдарламалар жастардың көңіл-күйін көтеріп, фестивальдің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
DJ шоу кешкі мерекенің қорытынды бөлігін әсерлі түйіндеді. Жастар ашық аспан астында би билеп, мерекелік көңіл-күйді бірге бөлісті.
«NAURYZ Fest II» фестивалі Түркиядағы қазақ жастарының ұйымшылдығын, ұлттық мәдениетке деген құрметін және халықаралық мәдени байланысты дамытуға деген ұмтылысын айқын көрсетті. Ұлттық рухты дәріптеген бұл шара қатысушылардың есінде ұзақ сақталары анық.
Гүлжан ТҰРСЫН





