Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының төрінде көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз, ұлттық руханият жанашыры Мұхтар Арынның 90 жылдығына арналған «Қалдырған ізі мәңгілік…» атты тағылымды еске алу кеші өтті. Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицей ұжымы ұйымдастырған салтанатты шара тұлға мұрасын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өнеге етуге арналды.
Лицей оқушылары жүргізген мазмұнды кеш барысында Мұхтар Арынның ұлт тәрбиесіне қатысты терең ойлары, тәлімдік тұжырымдары кеңінен насихатталды. Әсіресе оның «Тәрбие деген Тәңір бар» еңбегіндегі жас ұрпақ тәрбиесі, мектептің қоғамдағы орны жөніндегі келелі пікірлері көпшілік назарына ұсынылды.
Мерейтойлық жиынға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Мұхтар Арын қазақтың нағыз зиялы азаматы болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдің рухын бекемдеп, еңсесін тіктеуге, мұрасын түгендеп, мәдени-рухани жолын қалыптастыруға елеулі еңбек сіңірді. Ол өзінің асыл адамгершілік мұраттарын, терең білімі мен ойшылдығын, пайым-парасаты мен қажырлы қайраткерлігін халқына қалтқысыз қызмет етуге жұмсады. Қай істе де елдік мүдде тұрғысынан еңбек етті. Ғалымның ұрпақтары ата жолын жалғап, бүгінде қоғам өміріне белсене атсалысып келеді. Оған қоса қаншама буын жас ұрпақ Мұхтар Арынның қалдырған шығармашылық еңбектерін өзіне өмірлік бағдар етуде. Ардақты ғалымның кең арналы зерттеулері, тындырған тағылымды істері, өнегелі өмірі ұрпаққа үлгі болып қалады. Ұлағатты ұстаздың жарқын ғұмыры ғасырларға жалғаса беретіні анық, – деді аймақ басшысы.
Шара аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың жеделхаты оқылып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғаның құттықтаулары лицей басшысына табысталды.
Кеште ғалымның ұрпақтары мен ізбасарларының қолдауымен оқу орнының дарынды оқушылары мен ұстаздарына арнайы сертификаттар тапсырылды. Марапаттау рәсіміне мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Ерлан Арын, академик Досым Сүлеев, генерал-майор Қожамұрат Үскімбаев, қоғам қайраткері, профессор Әмірхан Рахымжанов қатысты.
Лицей оқушыларының орындауындағы әдеби монтаждар, ұлттық билер, күйлер мен әндер, Кендебай Темірбаев сахналаған «Ең соңғы Қадір түні» қойылымы көрермен көңілінен шықты.
Мұхтар Арынның халқына қалдырған рухани мұрасы ұлттық тәрбие, білім мен руханият туралы асыл аманаты бүгінгі жас буын үшін темірқазық болып қала бермек.
Медет ЖҰМАБАЙ





