Елордасы Астанада Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің кезекті XI съезі өтіп, табысты аяқталды.
Алқалы жиынға «Халық қаһарманы», армия генералы Мұхтар Алтынбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Елнұр Бейсенбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, ҚР Парламентінің депутаты Ермұрат Бапи және еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы келген жалпы саны 120-ға жуық делегат қатысты.
Съездің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Елнұр Бейсенбаев ардагерлер бірлестіктерінің маңыздылығына кеңінен тоқталып, ел абыздарының атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Сөз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл басқосудың алдағы кезеңдегі басым бағыттарды айқындайтын маңызды алаң екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол бұл іс-шара ардагерлер ұйымдарының қызметіне жаңа серпін беріп, ортақ мақсаттарды жүзеге асыруға зор ықпал ететінін жеткізді. Осы орайда Асқарбек Ертаев ардагерлердің қоғамдағы белсенділігіне, жастар тәрбиесіне, патриоттық құндылықтарды дәріптеудегі үлесіне жоғары баға берді.
– «Ардагерлер – ел бірлігінің, қоғамдық келісім мен ұрпақтар сабақтастығының алтын арқауы. Сіздердің көпжылдық адал еңбектеріңіз, өмірлік тәжірибелеріңіз бен ел дамуына қосқан үлестеріңіз өскелең ұрпақ үшін әрдайым тағылым мен өнеге болып қала береді», – деді министр.
Осыдан соң Орталық кеңес төрағасының міндетін атқарушы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов өткен бес жылда ардагерлер бірлестігі тарапынан атқарылған ауқымды істер туралы баяндама жасады.
Жиын барысында сөз сөйлеген Алматы қаласы, Атырау, Жамбыл, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ардагерлер ұйымдарының төрағалары жеткен жетістіктерді тілге тиек етіп, әлі де сақталған кемшіліктерді жою керектігін алға тартты. Осы орайда Жетісу облысы ардагерлер бірлестігінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Қарағанды облысы ардагерлер ұйымының басшысы Ғабит Тұяқов арнайы сұхбат беріп, аймақтағы ардагерлер ұйымдарының береке-бірлікті сақтауда, жастар тәрбиесі мен патриоттық бағытта, қоғамның дамуы мен өңірдің өркендеуі жолында қосып жатқан өлшеусіз үлесін айрықша атап өтті.
Жалпы, жиынға қатысушылар ардагерлер қызметін одан әрі жандандыруға қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, өткен кезеңдегі Орталық кеңестің жұмысына оң баға берді. Сонымен қатар, республикалық ұйымды 10 жылдан бері басқарып, оның жұмысын жаңа әрі жоғары деңгейге көтеру жолында бар күш-жігерін жұмсаған «Еңбек Ері», Парламент депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовке көпшілік тарапынан айрықша алғыс айтылды.
Жиынның келесі күн тәртібі бойынша 65 адамнан тұратын еліміздің Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің мүшелері сайланды. Атап айтқанда, съезде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы болып мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы сенатор, Көлік министрі, Қарағанды облысының әкімі, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қызметтерін атқарған Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов сайланды. Ал оның бірінші орынбасары болып генерал-лейтенант, мемлекет және қоғам қайраткері Абай Тасболатов, орынбасары қызметіне еліміздің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген Сабыр Мырзатаев сайланды.
– Даналарымыз «Қарты бар ел – қазыналы ел» деген. Құрамында миллиондаған ардагері бар еліміздегі ең маңызды қоғамдық ұйымның алдағы уақытта да атқаратын істері ауқымды. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының байсалды да сындарлы саясатын қолдай отырып, жергілікті атқарушы органдармен иық тірестіре еңбек етіп, елдің бірлігін, татулық пен ынтымақтастығын нығайтуға, аға буын қариялардың мүддесін қорғауға атсалысып, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулудағы қыруар жұмыстарын одан әрі жалғастырары сөзсіз, – дейді Жетісу облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы.
Айдын КӘЛІМХАН





