Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан президенттері мен делегация жетекшілеріне озық технологиялар мен цифрлық шешімдер көрмесі ұсынылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мәртебелі меймандар Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктерімен танысып, жасанды интеллект музейін және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрме стендтерін аралады.
Көрме барысында Қазақстан цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы бірқатар маңызды бастамаларын таныстырды. Олардың қатарында Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance, Smart Cargo+Keden және өзге де инновациялық жобалар бар.
Ұсынылған шешімдер мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, қалалық инфрақұрылымды цифрландыруға, қаржы және логистика салаларындағы қызметтердің тиімділігін арттыруға бағытталған.





